ТҮРКІСТАН: Базарда 20 миллион теңгелік әшекейлерді ұрлап кеткен күдікті ұсталды

0
1 185

Күдікті әшекей заттарды сатып, ақшасын жаратып жіберген.


ТҮРКІСТАН: Базарда  20 миллион теңгелік әшекейлерді ұрлап кеткен күдікті ұсталды

Түркістан облысы Келес ауданында базарға барған тұрғынның сөмкесінен 20 млн теңгенің әшекейін ұрлап кеткен күдікті ұсталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Базар-ошарын асықпай жасаған жәбірленуші үйінде бағалы бұйымдарының қолды болғанын үйіне келгенде бір-ақ білген. Тез арада Келес аудандық полиция бөліміне хабарласып арызданған. Бұл факт бойынша ӨР ҚК нің 188 бабы, яғни ұрлық қылмысы бойынша қылмыстық іс қозғалып, жедел тергеу тобы құрылған.

Базардағы бейнекамералар арқылы бөтеннің сөмкесіне қол салған күдікті анықталған. 20 млн теңгенің бағалы әшекейін ұрлаған күдікті Жетісай ауданының тұрғыны болып шыққан. Бұрын сотты болған күдікті ұрлаған заттарын сатып жіберіп, ақшасын жаратып та үлгеріпті.

"Ұсталған азамат бұрын сотты болған, Түркістан облысы Жетісай қаласының тұрғыны екендігі анықталды. Күдіктіден тексеру барысында полицейлер ұрланған бағалы бұйымдардың бір бөлігін тәркіледі. Ал қалған ұрланған заттарды ол ақшаға айналдырып, өз қажетіне жаратып жіберген. Айғақты зат ретінде тәркіленген бағалы бұйымдар заңды иесіне қайтарылды.
Қазіргі таңда бөтеннің мүлкін ұрлау жайтына қатысты сотқа дейінгі тексеру амалдары жүргізілуде",
-деп хабарлады Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Күдікті қамауда. Полицейлер оның басқа да жайттарға қатысы бар-жоқтығын анықтау үстінде.