17 аудан мен қаланың білім саласына жауапты басшыларын жеке-жеке қабылдап, талқылаулар жүргізді.
Түркістан өңірінде білім деңгейін жаңа белеске көтеру бойынша аудан, қалалардың жауапты басшыларының есептерін тыңдау басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан өңірінде білім деңгейін жаңа белеске көтеру бойынша аудан, қалалардың жауапты басшыларының есептерін тыңдау басталды. Оқу жылын аяқтау, «Жұмысшы мамандықтар жылын» өткізу, ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық, балалардың жазғы сауықтыру демалысын ұйымдастыру, мектептерді реновациядан өткізу, балабақшалардың жағдайы, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру, асханалардың ахуалына байланысты мәселелер жан-жақты қаралды.
Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев әр аумақтың өзекті мәселелеріне назар аударды. 17 аудан мен қаланың білім саласына жауапты басшыларын жеке-жеке қабылдап, талқылаулар жүргізді. Алғашқы алты аудан мен қаладағы білім беру жүйесі зерделенді.
Облыстық Білім басқармасының өкілдері, Кентау қаласы, Сауран, Отырар, Ордабасы, Созақ және Түлкібас аудандары әкімдерінің орынбасарлары, білім бөлімдерінің басшылары, колледждердің директорлары атқарылып жатқан жұмыстар, жобалар, жоспарлар мен проблемаларды баяндады.
– Аудандарда саланы дамыту, инфрақұрылымды реттеу, мұғалімдерге қолдау көрсету бағытында жұмыстар орындалып жатыр. Әр ауданда шешуді қажет ететін проблемалар жетерлік. Әрқайсысының өзіндік ерекшелігіне сай жұмысты күшейту керек. Бұл бағыттар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында. Мектептер мен колледжердегі тың әдістер, цифрландыру үдерісі, оқушылардың жетістіктері біз үшін маңызды. Облыстағы 40 мыңдай оқушының жазғы демалысын үйлестіруіміз қажет. Осы жиында жеке-жеке қарап, түйткілдерді саралап, шешімдер қабылдаймыз, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.
Мәжілісте балабақшалар, мектептер, колледждер мен лагерьлерді жаңғырту және газдандыру, жайлы мектептерді оқушылар және педагогтармен қамту бағыттары сарапталды. 2025-2027 жылдары Түркістан облысында 115 мектепті реновациядан өткізу көзделген. Оның ішінде 41 білім ошағының құрылысы биыл қолға алынады.
Кадрлық резервті жасақтау мен білім ошақтарына білікті мамандарды тарту жайы да сөз болды. Тәрбие ісі, кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтардың алдын алуға ден қою міндеттелді. Облыс әкімінің орынбасары білім сапасының деңгейін айқындайтын мемлекеттік бағдарламалар бойынша шараларды орындауды қатаң ескертті. Жиында айтылған ұсыныстар мен тапсырмалар хаттамаға енгізілді. Аудан, қалалардың жауапты өкілдерінің білім беру жүйесіне қатысты есептерін жекелей тыңдау жалғасады.