Түркістан облысының полицейлері бір апта ішінде карантин талаптарын бұзушылықтың 10 жайтын анықтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Коронавирус инфекциясының кең таралып жатқанына байланысты, тәртіп сақшылары тұрақты түрде рейдтік жұмыстарды жүргізуде. Осы орайда Кентау қалалық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары бір апта ішінде ҚР Түркістан облысының Бас санитариялық дәрігерінің қаулысын бұзып, карантин талаптарын сақтамаған 10 жайтты анықтады.
Мысалы, кешкі сағат 17:20 шамасында қала көшелерінің бірінде орналасқан дүкеннің сатушысы бетпердесіз қызмет көрсеткен. Сонымен қатар дәріханалардың бірінде де қызметкері бетперде тақпастан жүрген. Полиция қызметкерлері аталған жайттарға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу» бойынша іс-құжаттарды жинақтап, заңды шешім шығару үшін тиісті орынға жолданды.