ТҮРКІСТАН: Дархан Сатыбалды Ұлыбритания елшісімен кездесті

0
289

Бірқатар мәселені жан-жақты талқылады.


ТҮРКІСТАН: Дархан Сатыбалды Ұлыбритания елшісімен кездесті

Түркістанға Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Түркістанға Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі Кэти Лич пен Халықаралық Көші-қон ұйымы миссиясының басшысы Серхан Актопрак келді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңірге келген қонақтармен кездесіп, бірқатар мәселені жан-жақты талқылады.


– Сіздерді Түркістан төрінде көргеніме қуаныштымын! Киелі өңірімізге қош келдіңіздер! Біздің облыстың тұрғындары расында өте еңбекқор. Қай жерге бармасын, топ жарып шығады. Өздеріңіз білесіздер, Түркістан өңірінде халық тығыз орналасқан. Оның ішінде 80 пайыздан астамы ауылда тұрады. Бұл – еліміздегі облыстар арасында ең жоғары көрсеткіш және өңіріміз ауыл шаруашылығы бағытында көш бастап тұр. Облысымыздың экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштері де, туристік әлеуеті де жақсарып келеді. Бүгін ашылғалы отырған орталықтың жұмыссыздықты азайтуға үлесі зор деуге болады. Қазақстан еңбекші көшіп-қонушылардың құқықтары мен әл-ауқатын жақсартуға, қорғауға, оларды көші-қонның неғұрлым қауіпсіз және нәтижелі тәжірибесі үшін қажетті білімдермен және ресурстармен қамтамасыз етуге міндеттенеді. Еңбек мобильділігі орталығының білікті қызметкерлері мигранттарға өмірлік маңызды ақпарат бере отырып, орталықтандырылған торап ретінде әрекет етеді деп сенемін, – деді Дархан Сатыбалды.


ХКҰ Ұлыбритания үкіметінің қаржылық қолдауымен еңбек мобильділігі орталығына әлеуетті арттыруға көмек көрсетеді. Осыған тоқталған Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі Кэти Түркістан өңірінің әлеуетіне жоғары бағасын берді. Аталған орталық Ұлыбританияға жұмыс істеуге ниет еткен тұрғындарға жан-жақты көмек көрсететінін жеткізді.


Ал Қазақстандағы ХКҰ миссиясының басшысы, Орталық Азия бойынша үйлестірушісі Серхан Актопрак мұндай орталықтың көші-қонға дайындық кезінде маңызы зор екенін айтты. Еңбекші мигранттардың жаңа ортаға тез бейімделіп, алдын ала мағлұмат алатынын атап өтті.


Айта кетейік, қонақтар әрі қарай шет елдердегі жұмыстарға жергілікті азаматтарды жолдауға бағытталған «Алдын ала даярлық орталығын» ашу салтанатының лентасын қию рәсіміне қатысады. Сонымен қатар орталықтың қызметімен танысып, шетелде жұмыс істеуге ниетті азаматтармен пікір алмасады. Түркістандағы «Еңбек мобильділігі орталығы» базасында ашылатын орталық қазақстандық еңбекші мигранттарға консультациялық қолдау көрсетеді. «Орталық Азиядан Ұлыбританияға маусымдық жұмысшылардың қауіпсіз көші-қоны» жобалық іс-шарасы аясында «Еңбек мобильділігі орталығында» ұйымдастырылатын баспасөз-конференциясынан соң ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының Түркістан облысы бойынша филиалына барады. Онда тренерлерді даярлау процесімен танысып, тренерлердің алғашқы сессиясына қатысады. Содан соң Қ.А.Ясауи кесенесі мен шаһардағы туристік орындарды араламақ.

Бөлісу