ТҮРКІСТАН: ​"Денсаулық" пойызы тегін медициналық көмек көрсетеді

0
1 491

Сапар барысында барлығы 40 мыңға жуық адамға медициналық көмек көрсету жоспарланып отыр.


ТҮРКІСТАН: ​

Түркістан облысына келген «Денсаулық» медициналық пойызы теміржол бойында барлық ауылдарға медициналық көмек көрсететін болады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қазақстанның шалғай жатқан теміржол стансаларына аялдайтын пойыздың сапары биылғы жылдың 21 желтоқсанында аяқталады. 240 күн ішінде теміржол бойында орналасқан ауылдардың тұрғындарына шамамен 230 млн теңгенің қызметі көрсетілмек. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» баспасөз қызметі хабарлады.

Атап айтар жайт, медициналық пойыздар негізінде көрсетілетін қызметтер «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы тарапынан қаржыландырылады. Дәстүрлі жобаны «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ мен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры бірлесіп жүзеге асырады. Сонымен қатар, «Денсаулық» пойызы Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Алматы, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстары аумағындағы 195 стансаға аялдайды. Сапар барысында барлығы 40 мыңға жуық адамға медициналық көмек көрсету жоспарланып отыр. Соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталған пойыздарда көрсетілетін медициналық көмек тізімінде: салалық мамандардың кеңесі (терапевт, педиатр, невропатолог, окулист, ЛОР, гинеколог, хирург, уролог, маммолог, онколог т.б.), түрлі зерттеулер мен диагностика түрлері (УДЗ, қан талдаулары, флюорография т.б.), кішігірім хирургиялық операциялар мен стоматологиялық қызметтер және тағы басқалары бар. «Тоқтала кететін жайт, биыл денсаулық саласы қызметкерлерімен бірге Медициналық сақтандыру қоры қызметкерлері де жолға шықпақ. Ондағы мақсат - стансалар тұрғындарына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жайлы жан-жақты мәлімет беру. Себебі, бұл Қазақстандағы әрбір тұрғынға қатысы бар, маңызды реформа. Сондықтан да Қор азаматтардың сақтандыруға қатысты сұрақтарына жауап беретін нүктелер санын арттырып, консультацияларды жетілдіре түсуге ден қойып отыр", делінген баспасөз баянында. Консультациялар барысында шалғай елді мекендердің тұрғындары МӘМС жүйесінің артықшылықтары, кепілдендірілген тегін медициналық көмек және міндетті әлеуметтік мнедициналық сақандыру пакеттері шеңберінде көрсетілетін қызметтер, сақтандыру жарнасының мөлшері, Бірыңғай жиынтық төлемді төлеу тәртібі, мемлекет тарапынан сақтандырылатын санаттар жайлы толық мәлімет ала алады. Пойыздың кестесі fms.kz сайтында жарияланған. Естеріңізге сала кетсек, Медициналық сақтандыру қоры мемлекеттік тапсырыс бойынша көрсетілетін кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінің және жұмыс берушілер, азаматтар мен мемлекет жарнасы есебінен қаржыландырылатын МӘМС пакетінің операторы болып табылады. Тегін медициналық көмек пакетін қаржыландыру міндеті 2018 жылдан бастап Қорға жүктелген болатын. Ал, міндетті сақтандыру шеңберінде қызмет көрсету 2020 жылдан басталады.
Еске салар болсақ, 2019 жылы 6-7 қарашада Отырар ауданы, Темір станциясына, 8-9 қарашада Отырар ауданы, Қарақоңыр станциясына, 10 қарашада Талдықұдық станциясына, 11 қарашада Арыс қаласы, Шағыр станциясына, 12-13 қарашада Монтайтас станциясына, 14 қарашада Шанақ станциясына, 15-16 қарашада Шеңгелді станциясына, 17 қарашада Сарыағаш ауданы, Жылға станциясына, 18-19 қарашада Дарбаза станциясына, 20 қарашада Ордабасы ауданы, Қалаш станциясында, 21-22 қарашада Бадам станциясында, 23 қарашада Игілік станциясында, 24-25 қарашада Сайрам ауданы, Қызылсай станциясында, 26 қарашада Ынтымақ станциясында, 27-28 қарашада Түлкібас ауданы, Састөбе станциясында, 29 қарашада Көктерек, Түлкібас станцияларында аялдап, медициналық қызметтерді көрсететін болады.