ТҮРКІСТАН: Инфрақұрылым нысандарының құрылысына бақылау күшейтілді

0
464

Мәжілісте елді мекендерді сапалы электр қуатымен қамту барысы да талқыланды.


ТҮРКІСТАН: Инфрақұрылым нысандарының құрылысына бақылау күшейтілді

Түркістан облысында газ нысандарының құрылысы қатаң бақылаудан өтіп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында газ нысандарының құрылысы қатаң бақылаудан өтіп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды осы саладағы мәселелерді талқылау үшін кезекті рет мәжіліс өткізіп, жауапты басқарма басшысының есебін тыңдады. Сонымен бірге мәжілісте елді мекендерді сапалы электр қуатымен қамту барысы да талқыланды. Өңір басшысы өз міндетін дұрыс атқармаған мердігерлерге заң шеңберіне шара қолдануды тапсырды.


"Аудан, қалалардағы газ нысандарының құрылысын тексеруді жалғастырып, бақылап шығыңыздар. Мердігерлермен тиісті жұмысты жүргізу қажет. Бізге жұмыстың сапалы біткені керек. Әрбір нысан жобалық-сметалық құжаттағы талаптарға сай жүргізілсін. Одан артық ештеңе талап етіп жатқан жоқпыз. 30 тамызға дейін газ нысандарының құрылыстарын аяқтаған жөн. Ал мониторинг барысында анықталған кемшіліктер мамыр айының ішінде толық қалпына келтірілсін. Елді мекендерді сапалы электр қуатымен қамту жұмысын да назарда ұстаңыздар. Аудан, қала әкімдері әрбір жобаның басы-қасында жүріп, нысандарды қабылдап алсын", – деді Дархан Сатыбалды.


Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің айтуынша, Түркістан облысында 465 елді мекен газбен қамтылған. Биыл 101 нысанға қаржы бөлініп, жұмыстары басталды. Оның 70-і биыл тапсырылады деп жоспарланып отыр. Оның ішінде Ордабасы ауданында 28 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Жұмыс көлемі өте ауқымды. Басқарма тарапынан Ордабасы ауданындағы газ нысандарына тексеру жүргізіліп, кемшіліктер анықталған. Мәжілісте Ордабасы ауданының әкімі мен басқармаға осы мәселелерді шешіп, газдандыру жұмысын сапалы атқару тапсырылды.


Мәжілісте өңірді сапалы электрмен қамту мәселесі де талқыланды. Аудандардағы түйткілдер тарқатылып, жауаптыларға жұмысты жандандыру тапсырылды.


Бүгінде облыс аумағында 826 елді мекеннің 810-ы орталықтандырылған электр желісімен қамтылған. Қалған 16 елді мекен дербес электр қондырғыларына қосылған. Облыста 47 электр нысанының құрылысы жүріп жатыр. 2023 жылы 40 нысанның құрылысын аяқтау жоспарлануда. 7 нысанның құрылысы 2024 жылға өтпелі.