ТҮРКІСТАН: Құлаған электр бағаналары қалпына келтіріліп жатыр

0
2 229

Жауапты мамандар жөндеу жұмыстары 10 сәуірге дейін толық аяқталатынын айтты.


ТҮРКІСТАН: Құлаған электр бағаналары қалпына келтіріліп жатыр

Түркістан облысында қатты желден құлаған электр бағаналары қалпына келтірілуде, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысында қатты жауған жаңбыр мен соққан желдің салдарынан зақымданған электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Наурыз айының 13-14 күндері ауа райының қолайсыздығынан аудан, қалалардағы 5 338 дана электр бағана құлап, 100-ге жуық елді мекен жарықсыз қалған. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Полатбеков мәлімдеді. Оның сөзінше, бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмыстары үшін облыстық бюджеттен 260 млн теңге қаражат бөлінген.

«Оқиға салдарынан Арыс, Кентау қалалары мен Бәйдібек, Ордабасы, Отырар аудандарының электр желілеріне айтарлықтай зиян келді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өкімімен зардаптың салдарын жою бойынша арнайы штаб құрылып, тиісті шаралар дер кезінде ұйымдастырылды. Нәтижесінде «KEGOC» АҚ-на қарасты 110 дана электр бағанасы толығымен орнатылып, іске қосылды. Сондай-ақ, 62 дана СК-26 маркалы электр бағаналары және 3 400 дана оқшаулағыш жеткізілді. Тасымалдау және қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда», – деді Б. Әнуарбекұлы.

Қалпына келтіру жұмыстарына жалпы 170-тен астам техника, 473 адам жұмылдырылған. Жауапты мамандар жөндеу жұмыстары 10 сәуірге дейін толық аяқталатынын айтты.