Түркістан облысында су тасқынынан келер қауіп жоқ

0
2 564

Қазіргі таңда Шардара су қоймасының толуы 77%, Көксарай су реттегішінің толуы 37 % құрайды.


Түркістан облысында су тасқынынан келер қауіп жоқ

Түркістан облысы аумағында су тасқыны жағдайы Сырдария өзенімен тікелей байланысты болғандықтан қатаң бақылауға алынған, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бүгінгі таңда Сыр өзенінің арнасында судың ағысы қалыпты. Өзеннен бастау алатын каналдардың елді мекендерге қауіпі жоқ. Бұл туралы төтенше жағдайлар департаменті басшысы Нұрғали Жүнісов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Өңірде жалпы саны 40 су қоймасы орналасқан. Қараусыз қалған су қоймалары жоқ. Қазіргі таңда Шардара су қоймасының толуы 77%, Көксарай су реттегішінің толуы 37 % құрайды.

«Сырдария өзені аумағында орналасқан елді мекендердегі дамбаларды қайта зерделеу жұмыстары жүргізілді. Барлық су қоймалар мен өзен сулары департамент қызметкерлерінің күнделікті бақылауында. Көктемгі су тасқыны қауіпті маусымда департаменттің жалпы 284 жеке құрамы мен 34 бірлік техника, 12 дана қайық пен 35 дана мотопомпа дайындыққа келтірілген», - деді департамент басшысы.

Сондай-ақ, төтеншеліктер тұрғындарды иісті газдан уланудан сақтанып, өрт қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертеді. Негізінен жыл басынан бастап облыс аумағында 59 өрт дерегі тіркелді. Өрттен 143 млн. 370 мың теңге материалдық шығын келтірілген.