Түркістан облысында заманауи тұқымбақ көбейіп жатыр

0
138

Алдағы уақытта да облыстағы тұқымбақтардың аумағын кеңейту жоспарлануда.


Түркістан облысында заманауи тұқымбақ көбейіп жатыр

Түркістан облысында тұқымбақтардың көлемін ұлғайту жұмыстары атқарылып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында тұқымбақтардың көлемін ұлғайту, климаттық жағдайды жақсарту бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Алдағы уақытта да облыстағы тұқымбақтардың аумағын кеңейту жоспарлануда. Осы бағытта облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Жасыл белдеу» аймағында журналистерге арналған пресс-тур ұйымдастырылды. Пресс-тур барысында БАҚ өкілдері тұқымбақ шаруашылығымен және өндіріліп жатқан көшет түрлерімен танысып қайтты.


Қазіргі таңда 1 гектар аумақты көлеңкелеу, тамшылатып суару жүйесін орнату және 6 жылыжай кешені мен ауқымды су жинай бассейнін салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Сонымен қатар тілшілерге «Жасыл белдеу» аумағында салынып жатқан орманшылар үйі көрсетілді. Бұл жобалардың бәрі Түркістанда жасыл алқапты көбейтіп, ауа райын өзгертіп, экологиялық жағдайын жақсартуға үлес қоспақ.


– 2024 жылдың күз мезгілінде «Жасыл белдеу» аумағындағы орман екпелерін толықтыруға орман тұқымбағынан 1 451 920 түп әртүрлі ағаш көшеті қазылды. Бұдан бөлек қала, аудан орталықтарын көгалдандыру мақсатында 77 683 түп көшет берілді. Биыл көктем мезгілінде толықтыру жұмыстарына 188 500 түп ағаш көшеті қазылып, орманшылықтарға таратылу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар қала, аудан орталықтарына 17 000 түп көшет берілді және жоспарға сәйкес көшеттер беру жұмыстары жалғасуда. 2024 жылы орман тұқымбағына себуге 4993 кг әртүрлі ағаш-бұта тұқымдары жиналды. Қазіргі таңда тұқым себу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді «Жасыл аймақ» КММ директорының орынбасары Қазыбек Оразымбетов.


Жалпы «Жасыл аймақ» КММ-не қарасты 2 тұқымбақ бар. Тұрақты орман тұқымбағының жалпы көлемі 100 гектарда алса, уақытша тұқымбақ 20 гектарды құрап отыр. Қазіргі таңда қолданыстағы жер көлемі 50 гектарды құрайды. Мұнда 25-ке жуық әртүрлі ағаш-бұта түрі өсірілуде. Атап айтсақ, онда ағаштардың қылқан жапырақты 4 түрі, жапырақты 13 түрі және бұта тектес ағаштардың 5 түрі бар.


«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында тұқымбақта тазалық шаралары қарқынды жүргізілуде. Орманшылар тұқымбақ аумағында ретсіз өскен шөптерді жұлып, ағаш егіп жатыр.


Айта кетейік, Жасыл алқапты көбейту бағытындағы жұмыстар республика бойынша Нұр-Сұлтан қаласынан кейін екінші болып Түркістанда қолға алынғанын да айта кеткен жөн.

Бөлісу