Компания еліміздің оңтүстігінің энергожүйесін нығайтуға бағытталған ауқымды инвестициялық жобасын іске асыруда.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Нәби Айтжановпен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Кездесу аясында Түркістан өңірінің энергетикалық әлеуетін арттыруға серпін беретін маңызды жобалар мен облысты қажетті электр қуатымен қамтамасыз етілуіне қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Төраға әкімді компанияның Түркістан облысында электр энергетикасын дамыту және генерациялау қуаттарын енгізу бойынша перспективалық жоспарларымен таныстырды. Компания еліміздің оңтүстігінің энергожүйесін нығайтуға бағытталған ауқымды инвестициялық жобасын іске асыруда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен электр тапшылығын шешу бағытында Түркістан облысында «Жалпы қуаты 1000 МВтқа дейін генерациялаудың маневрлік режимі бар бу-газ қондырғысы (БГҚ) базасында электр станциясын салу» жобасы іске асырылуда. 2025 жылдың қыркүйегінде қуаты 185 МВт болатын алғашқы қуат беріліп, 2026 жылдың соңына қарай БГҚ толық қуатына шығады деп күтіліп отыр.
– Түркістан облысы үшін энергетика саласы өте маңызды. Инфрақұрылымды дамыту, оның ішінде электр желілерін жаңғырту мен жетілдіру – облысымыздың тұрақты дамуының кепілі. «KEGOC» компаниясы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде үлкен үлес қосып келеді. Облысымыздың энергетикалық инфрақұрылымын жаңғырту және жаңа жобаларды іске асыруда сіздердің компанияларыңызбен тығыз ынтымақтастық орнату біз үшін өте маңызды. Түркістан өңірін қарқынды дамыту бағытында бірқатар маңызды жобалар іске асырылуда. Осы орайда бірлесе жұмыс атқарамыз деп сенім білдіремін, – деді Нұралхан Көшеров.
Түркістан облысында бірқатар маңызды ірі жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, 2026-2027 жылдары аралығында Кентау қаласында металлургия өндірістеріне 28 МВт және «Аңсай» барит кендеріне 12 МВт қосылуға 220 кВ-тық «Мырғалымсай» қосалқы станциясына қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізіледі. Созақ ауданында «Созақ фосфат» ЖШС-ның фосфор тыңайтқыштарын өндіру зауытына электр энергиясын қосу үшін 89 МВт, сондай-ақ Сайрам ауданында кремний өндіру бойынша инновациялық кластер салу жобасына электр энергиясын қосу үшін 500 МВт қажет.
Түркістан облысының электр энергиясын тұтыну көлемі 445 МВтты құрайды. Облысқа қажетті электр энергиясының 80%-дан астамы солтүстік көздерден «KEGOС» АҚ-ның 220 кВ желісі арқылы жеткізіледі. Өңірде электр энергиясына деген дефицитті шешу бойынша жобалар қолға алынған. Айта кетейік, облыста 2 энергия өндіруші станциясы жұмыс істеуде. Оның бірі – қуаты 126 МВт болатын Шардара қаласына жақын жердегі Сырдария өзенінің бойында орналасқан су электр станциясы. Екіншісі – 5,5 МВт қуаты бар «Кентау-сервис» МКК. Сондай-ақ жалпы қуаты 278,6 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 24 нысаны бар.