ТҮРКІСТАН: Сауранда жаңбыр суын сору жұмыстары күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр

0
669

Асфальттарды ойып, көше бойында жиналған суды каналдарға және қауіпсіз аймаққа айдау жұмыстарын жүргізуде.


ТҮРКІСТАН: Сауранда жаңбыр суын сору жұмыстары күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр

Түркістан облысында толассыз жауған жаңбырмен күрес жалғасуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысындағы Кентау, Түркістан қалалары мен Бәйдібек, Сауран, Ордабасы аудандарындағы тұрғын үйлерді су басуына жол бермеу мақсатында, ТЖД қызметкерлерінің көмегімен жаңбыр суын сору жұмыстары жүріп жатыр.


Қазіргі таңда Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінен 56 қызметкер, 10 бірлік техника, 20 мотопомпа және жергілікті атқарушы органдардың күштерімен суды сору және арықтарды тазалау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Сауран ауданындағы ауыл көшелері мен үй аулаларынан суды шығару жұмыстары бойынша шұғыл іс-шаралар атқарылуда.


«Бүгін қатты жауған жаңбырдың және қардың бірден еруінің салдарынан судың деңгейі көтеріліп, төмен қарай арналармен ағуда. Нәтижесінде қала, аудандардағы біршама көшелер мен аулаларды су басу оқиғалары орын алып жатыр. Қазіргі таңда Кентау қаласы мен Бәйдібек ауданындағы судың мөлшері төмен түсіп, елдімекендерге қаупі төніп тұрған жоқ. Бірақ, Сауран ауданындағы жағдай елдімекендерге қауіп төндіріп тұрғандығы байқалады. Ақпараттарға сәйкес, су басқан үйлер мен зардап шеккендер жоқ», - дейді Түркістан облыстық ТЖД бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев.


Қазіргі таңда жаңбыр суын сору жұмыстары күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр. Жергілікті атқарушы органдар мен Төтенше жағдай департаментінің жеке күш құралдары асфальттарды ойып, көше бойында жиналған суды каналдарға және қауіпсіз аймаққа айдау жұмыстарын жүргізуде.