ERNUR.KZ Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеров Созақ ауданына жұмыс сапарында бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылыс алаңында болып, жұмыс сапасын қадағалады.
Алдымен, аймақ басшысы Шолаққорған ауылында «Жайлы мектеп» жобасы аясында бой көтеріп жатқан 900 орындық мектептің құрылыс жұмыстарымен танысты. Қазіргі таңда құрылыс аймағында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, асфальт жабындысы төселген. Инженерлік инфрақұрылым жұмыстары толық аяқталған. Білім ұясы жаңа модификацияланған кабинеттермен жабдықталады. Оқушылардың сапалы білім алуына толық жағдай жасалып, түрлі үйірмелер ашылады. Одан бөлек, педагогтардың біліктілігін арттыруға барлық мүмкіндіктер қарастырылады.
Ғимараттың ішін аралап шыққан Нұралхан Көшеров мердігерлерге құрылыс сапасы қатаң бақылауда тұрғанын ескертіп, бірқатар міндет жүктеді. Мерзімінен кешікпеуді талап етіп, мектепті жабдықтауда отандық өнімдерді қолдану керек екенін айтты.
Бұл білім ошағы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырысымен салынуда. Құрылыс жұмыстарын «Қаратау ЛТД» ЖШС 2023 жылдың тамыз айында бастаған. Нысанды биыл сәуір айында пайдалануға беру жоспарлануда. Мұнда 80 жаңа жұмыс орны құрылмақ.
Созақ ауданында 35 мектеп, 38 балабақша жұмыс істейді. Ауданда апатты жағдайдағы мектептер жоқ. Бүгінде жалпы білім алушылар саны – 15 523.
Одан кейін облыс әкімі Шолаққорған ауылында салынып жатқан заманауи спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысын бақылады. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында бой көтерген 200 орындық спорт нысанының құрылысын «CK NEW CITY» ЖШС жүргізуде. 2023 жылдың қазан айында басталған құрылыс жұмыстары осы жылдың мамыр айында аяқталады деп күтілуде. Мұнда 20 адам жұмыспен қамтылмақ. Жалпы ауданы 3 гектар болатын ғимараттың оқу-жаттығу базасы заманауи талаптарға сай жабдықталған. Кешен бір мезетте 100 келушіге дейін қызмет көрсете алады. Екі қабатты ғимаратта волейбол және баскетбол алаңдары, күрес, аралас жекпе-жек және боксқа арналған залдар, бассейн, футболмен айналысуға арналған ашық спорт алаңы бар.
Бүгінгі таңда Созақта бұқаралық спортпен шұғылданушылардың саны 24 мың адамнан асып, аудан халқының 41%-ын құрады. Ауданда 2 спорт мектебі және 1 спорт клубы бар.