ТҮРКІСТАН: Су тасқынына қарсы 15 іс-шара аяқталды

0
350

Жиында өңір басшысы жауаптыларға маңызды мәселерге бей-жай қарамауды тапсырды.


ТҮРКІСТАН: Су тасқынына қарсы 15 іс-шара аяқталды

Түркістан облысында көктемгі су тасқынына дайындық талапқа сай жүруде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында көктемгі су тасқынына жыл сайын ерекше дайындық жүргізіледі. Әсіресе су қоймаларының еріген суды қабылдай алуы аса маңызды. Бүгін осы және өзге де дайындық жұмыстары облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында талқыланды. Жиында өңір басшысы жауаптыларға маңызды мәселерге бей-жай қарамауды тапсырды.


«Жауапты басқармалар, аудан, қала әкімдері Төтенше жағдай департаментімен бірлесіп, қауіпсіздік шараларын үнемі пысықтап отырсын. Өзен-көлдер мен су нысандарының жай-күйі тұрақты бақылауға алынуы тиіс. Тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау – басты міндет. Су тасқынына қарсы жоспардағы іс-шаралар толық орындалуы тиіс», – деді облыс әкімі.


Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы полковник Асқар Төлешевтің айтуынша, 2023-2024 жылдардағы су тасқынына қарсы әзірленген инженерлік жоспардағы 24 іс-шараның бүгінге 15-і толығымен аяқталған. Қазіргі таңда, 2024-2025 жылдардағы су тасқынына қарсы инженерлік жоспар әзірленуде. Оған аудан, қала әкімдіктері тарапынан да ұсыныс енгізілуі керек. Сонымен қатар қаңтар айындағы жағдай бойынша өткен айда таудағы жиналған қар қорының көлемі нормадан төмен екендігін жеткізді. «Қазгидрометтің» РМК-ның ақпан айына жасалған болжамында облыстың барлық аймағында түсетін жауын-шашын көлемі нормадан жоғары болатындығы көрсетілген.


Бүгінде департамент мамандары өзендер мен су қоймаларға күнделікті мониторинг жүргізілуде. Облыста 42 су қойма бар. Олардың толуы 40-45 пайызды құрайды. Ал «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішінде тасқын суды қабылдауға шамамен 2,8 млрд. текше метр көлемінде бос қоры бар. Жағдай тұрақты әрі қауіпсіз.


Облыс аумағында 149 өзен, 31 су қойма, 2 табиғи көл, барлығы 182 су нысаны бар. Су қорғау аймақтары мен белдеулерінде 34190 тұрғын үй орналасқан. Қазіргі таңда алаңдаушылық тудырып отырған үйлерді төтенше жағдайлар департаменті және аудан әкімдіктері қатаң бақылауда ұстауы қажет. Лай көшкініне қарсы дайындықт та бақылауға алынуы тиіс.


Айта кетейік, республика аумағында Төтенше жағдайлар министрінің бекітуімен 20 ақпан мен 20 қараша аралығы «Су тасқынына қарсы іс-шаралар айлығы» болып бекітілген. Осыған байланысты Түркістан облысында да қала, аудан әкімдіктерімен бірлесе отырып су тасқынының алдын алу шаралары жанданбақ.


Жиында Жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасы басшысы Санжар Бүрлібаев көктемгі су тасқынына дайындық іс-шаралары туралы баяндама жасады. Басқарма басшысының айтуынша, 2023-2024 жылғы күз-көктемгі су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайдың алдын алу және тасқын суды апатсыз өткізу жоспары аясында да бірқатар жұмыс атқарылды. Басқарма тарапынан жүргізілген тексеру нәтижесінде кейбір аудандарда арық-атыздар мен каналдар тазартылмаған. Төлеби ауданында сел болу қауіпі бар аймақтарда кэмпингтер мен тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары жүргізілгені анықталды. Осындай жағдайлар Қазығұрт пен Түлкібас аудандарында болуы мүмкін деген басқарма басшысы жол талғамайтын, сазда жүре алатын техниканың жетіспейтінін атап өтті.


Жыл сайын облыс аумағында «Көктем» республикалық командалық оқу-жаттығуы өткізіліп, азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдарының дайындығы пысықталады. 8-9 ақпан күндері «Көктем-2024» оқу жаттығуы Бәйдібек ауданында практикалық тұрғыда өткізілді. Оқу-жаттығуға барлық азаматтық қорғау қызметтері жұмылдырылған.