ТҮРКІСТАН: Су тасқынынан зардап шеккен ауылдардың әрбір тұрғынына 100 мың теңгеден төленеді

0
1 474

Мақтаарал ауданындағы жағдаймен танысуға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр келіп, облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевпен бірге су басқан ауылдарды аралап, елді мекен тұрғындарымен кездесті.


ТҮРКІСТАН: Су тасқынынан зардап шеккен ауылдардың әрбір тұрғынына 100 мың теңгеден төленеді

Түркістан облысы Мақтаарал ауданының су басқан аймағына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр бастаған үкіметтік комиссия барды, деп хабарлайды ERNUR.KZ primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Су басқан аумақтарды ұшып аралап шыққаннан кейін, Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеевпен және өзбек әріптестермен бірлесіп, Мемлекеттік комиссия су басқан Өргебас және Фирдоуси ауылдарына барды.


Сонымен қатар Түркістан облысы Мақтаарал ауданының аумағына Өзбекстан тарапынан 100-ден астам арнайы техника (шынжыр табанды және дөңгелекті тракторлар, мотопомпалармен жабдықталған өрт сөндіру машиналары) және 200 адам жеткізілді, олардың ішінде гидротехника мамандары да бар.





Мақтаарал ауданындағы жағдаймен танысуға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр келіп, облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевпен бірге су басқан ауылдарды аралап, елді мекен тұрғындарымен кездесті. Ақсақалдармен сөйлесіп, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдаған мемлекеттік комиссия мүшелері Мырзакент елді мекенінде жиналыс өткізді.

Түркістан облысы әкімінің ұсынысы бойынша Мемлекеттік комиссия су басқан ауылдардың әр тұрғынына 100 мың теңгеден өтемақы төлеу туралы шешім қабылдады.

Мырзакент төңірегінде Достық, Жаңа тұрмыс және Жеңіс ауылдарының тұрғындары қоныс аударатын жаңа шағын аудан салынады. Жаңа тұрғын үй алабына барлық коммуникация желісі жүргізіліп, балабақшалар мен мектептер салынады.

Су астында қалған екі ауыл — Фирдоуси және Өргебас ауылдарының азаматтарына облыс әкімі үш түрлі ұсыныс айтты:

  • Басқа елді мекенде үйлер салып, сол жаққа көшу;
  • Суға кеткен ауылдағы үйлерін қалпына келтіру;
  • Тұрғын үйін өзі қалпына келтіруге ниет білдірсе, тиісті қаражаты аударылады.

Бұл үш ұсыныстың қайсысын таңдау тұрғындардың өз еріктерінде болмақ, олар ортақ жиында бір шешімге келуі тиіс.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен мал ұстаушылардың шығындарын өтеу мәселесі де шешілді. Шығын ТЖ жою жөніндегі шұғыл штаб комиссиясы жүргізген ревизия қорытындысы бойынша үкіметтік резервтен өтелетін болады.

Ауыл шаруашылығы несиелері бойынша фермерлерге төлемдерді кейінге қалдыруға мүмкіндік беріледі.

Ауыл шаруашылығы алқаптарын қалпына келтіру мақсатында ҚР АШМ ауыл шаруашылығы ҒЗИ-мен бірге жерлерді қалпына келтіреді және биыл қандай дақылдарды отырғызуға болатыны туралы ұсыныстар беріледі.