Көрмеде қазақтың дәстүрлі киім үлгілері, соның ішінде шапан, сәукеле, кимешек сияқты ұлттық киімдер ұсынылды.
Түркістанда Ұлттық киім күніне орай арнайы көрме ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін «Ұлы дала елі» орталығында 18 наурыз – Ұлттық киім күніне орай арнайы көрме ұйымдастырылды. Бұл көрме қазақтың ұлттық киімдерінің алуан түрлілігін, олардың тарихы мен мәдени маңызын насихаттауға бағытталған.
Көрмеде қазақтың дәстүрлі киім үлгілері, соның ішінде шапан, сәукеле, кимешек сияқты ұлттық киімдер ұсынылды. Әрбір киімнің өзіндік мәні мен ерекшелігі бар, олардың жасалу әдістері мен қолданылу дәстүрі келушілерге кеңінен таныстырылды.
Іс-шара барысында келуішілерге ұлттық киім үлгілерінің аймақтық ерекшеліктері көрсетіліп, олардың әшекейлену ерекшеліктері мен символдық мағынасы туралы ақпарат берілді.
Көрме қонақтары қазақтың ұлттық киімдерін киіп, арнайы фотоаймақта суретке түсу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен бірге ұлттық қолөнер шеберлерінің жұмыстары таныстырылып, олардың жасаған бұйымдары да назарға ұсынылды.
Айта кетейік, бұл шара халқымыздың мәдени мұрасын дәріптеуге, ұлттық киімнің әсемдігін көрсетуге және жастарды ата-баба дәстүріне жақындатуға арналған. Ұлттық киім – ұлтымыздың айнасы, рухани құндылығымыздың бір бөлігі. Сондықтан осындай іс-шаралар арқылы халқымыздың сәндік-қолданбалы өнерін жандандыруға атсалысу жалғасын таппақ.