Екі ел арасында ортақ бағдарлама құрылады.
Түркістан мен Ташкент қалалары бірігіп, ортақ бағдарлама құрады, деп жазады ERNUR.KZ 24.kz телеарнасының сайтына сілтеме жасап.
Енді екі қаланың арасында саяхатшыларды тасымалдайтын тікелей автобус қатынайды. Бұл туралы Ташкентте өткен «Жібек жолындағы туризм» атты бизнес форумда айтылды. Оған екі елден 60-қа жуық туристік фирма өкілдері қатысты. Кәсіпкерлер өзара тәжірибе алмасып, алдағы уақытта тығыз байланыс орнатуға уағдаласты. Жиында Қазақстандағы туризмнің барлық салалары бойынша мағлұмат берілді. Көршілерді әсіресе зиярат, сауықтыру, эко және экстремалды туризм қызықтыруда.
Бүгінгі таңда екі ел арасындағы визасыз режим барыс-келісті жақсартты. Енді қолға алынған бірлескен туристік бағыт саяхатшылар санының артуына негіз болады. Форум аясында Қазақстандағы Өзбекстан жылы және жаңадан құрылған Түркістан облысының тарихи әрі әсем жерлерінен сыр шертетін «Түркістан оңтүстіктің жүрегі» атты фотокөрме де ұйымдастырылды.
«Қосымша 20 ға жуық жаңа туристік бағыттарды ашып отырмыз. Бұл біздегі эко, медициналық, таулық, жастарға арналған және зиярат туризмі. Ең бастысы ЮНЕСКО тізіміне кіретін Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан баб кесенелері. Қазіргі кезде барлық шетелден келетін саяхатшылар осы екі нысанға қызығушылық білдіруде. Сол мавзолейлерден бастап ары қарай туристерді қызықтыру мақсатында жаңа туристік бағыттар ашылып отыр» – деді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков.