ТҮРКІСТАН: Жетісайда 100 мың тоннаға жуық мақта жиналды

0
701

8 мың гектар алқапта екінші терім науқаны жүріп жатыр.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда 100 мың тоннаға жуық мақта жиналды

Жетісай ауданының әкімі мақта зауыттарын аралады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек аудандағы мақта зауыттарын аралап, ондағы атқарылып жатқан жұмыстардың, зауыттардың материалдық техникалық базаларымен танысты. Шитті мақта бағасының тұрақтылығына көз жеткізіп, шаруалармен жүздесті.


Бүгінде ауданында 7 мақта зауыты мен 80-ге жуық мақта қабылдау пункттері жұмыс істеп тұр. Аудандағы шит себілген 44 мың гектар алқаптың 41 мың гектарынан бірінші терімнің өзінде 95 мың тонна өнім жиналған. 8 мың гектар алқапта екінші терім науқаны жүріп жатыр. Өнім көлемі де жылдағыдан төмен емес, шаруалар гектарынан орта есеппен 23 центнерден өнім алып отыр. Ала жаздай еткен еңбек пен төккен тердің өтемі ретінде биылғы мақта бағасы өткен жылғымен салыстырғанда екі есе жоғары.


Аудан басшысы мақта зауыттарының жұмыстарымен танысуы барысында Асықата кентіндегі «Ақ Алтын» мақта зауытына қарасты «Ақ май» шағын цехында да болды. Мақта шитін қайта өңдеу арқылы жоғары сапалы мақта майын шығаратын технологиялық процес пен дайын өнім түрлерімен танысты. Тауар сапасы мен дайын өнім сапасын өткізу рыногындағы бәсекелестіктер жайында пікір алмасты.


Сонымен қатар, «Ақ Алтын – Береке» ЖШС ақ май өндіруден бөлек канадалық мүйізді ірі қара өсірумен, сүт өнімдерін терең өңдеу ісімен де айналысады. Жергілікті тұрғындардан 265 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отырған «Ақ Алтын» мақта зауыты жылына 80 мың тонна тұқымдық шит дайындап, ТМД елдеріне экспорттайды.


Айта кетейік, 78 мың гектардан астам суармалы жері бар Жетісай ауданында 44 мың гектарға шитті мақта тұқымы себілсе, 21 мың гектарына бақша, 3 мың гектарына көкөніс, 10 мың гектардан астам алқапқа мал азықты дақылдар – жоңышқа, дәндік және сүрлемдік жүгері егілген.