Өңірде пробациялық есепте тұратындарды қоғамға бейімдеу, оларға әлеуметтік, медициналық, құқықтық көмек көрсету мәселесі күн тәртібінен түскен емес.
фото:Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
ERNUR.KZ. Түркістанда Түркістан облысының полиция департаменті мен облыс прокуратурасының бастамасымен сотты болғандардың қайта қылмысқа баруына тосқауыл қою мақсатында 1000 адамның қатысуымен ауқымды республикалық форум өткізілді.
«Болашаққа үміт – жаңа өмір» тақырыбындағы іс-шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов, облыс прокуроры Мұрат Тілеубердиев, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы Болат Қалмұрзаев, облыстық соттың төрағасы Айдос Сұлтанов, Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев, облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, қоғам қайраткері Бақытбек Смағұл, облыстың бас имамы Ержан Төлепов, құқық қорғау органдарының өкілдері, сондай-ақ пробация есебінде тұрғандар мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Өңірде пробациялық есепте тұратындарды қоғамға бейімдеу, оларға әлеуметтік, медициналық, құқықтық көмек көрсету мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бұл форум – осы жұмыстың жалғасы. Қылмыс пен құқық бұзушылықсыз қоғамда өмір сүру насихатталған форумға жиналғандар өзара пікір алмасты. Өздерінің өмірлік тәжірибелерін бөлісіп, қылмыстың алдын алуға бағытталған ойларын айтты.
Форум өмірде аяғын шалыс басып, қателіктерінен сабақ алып, жаңа өмір бастауға қадам басқан адамдар жайлы театрландырылған қойылыммен басталды. Сондай-ақ көрермендерге сотты болып, жазасын өтеп шыққандарды дұрыс өмірге баулу мақсатында полициямен атқарылған жұмыстар туралы баяндалды.
Іс-шарада облыс әкімі Нұралхан Көшеров, облыс прокуроры Мұрат Тілеубердиев және басқа да құрметті қонақтар сөз сөйлеп, теріс әрекет салдарынан өз жазасын алған жандардың болашаққа мүмкіндік алып, жаңа өмір бастауға жауапкершілігін арттыру маңыздылығын атап өтті.
Пробация қызметінің есебінде тұрғандар арасында қылмыстың алдын алудың бірден-бір жолы – сотталғандарды жұмысқа орналастыруға көмек көрсету. Әрқашанда түзеліп, жаңа өмір бастауға мүмкіндік бар. Тек адал ниет пен қоғам қолдауы қажет. Қай салада болмасын, мәселенің салдарымен күрескеннен гөрі оның алдын алу маңызды. Сондықтан жастар арасында қоғамды ізгілікке шақыратын идеологиялық жұмыстар жүруі тиіс. Жуырда Президент бастамасымен Түркістанға ерекше мәртебе берілгенін білесіздер. Қасиетті өңірдің тұрғындары өзгелерге игі істерімен үлгі болулары керек. Жерлестерімізді заңды сақтап, адал еңбек етуге шақырамын. Бүгінгі жиында өзекті мәселелер қозғалып, шешу жолдары ұсынылады деп сенемін, – деді Нұралхан Көшеров.
блыстың бас полицейі Мұрат Қабденов: «Сотты болып, қылмысты атқару жүйесінің мекемесінен шыққан тұлға бірінші кезекте пробациялық есепке алынады. Осы тұста пробация қызметі, полиция, әлеуметтік қызметтер мен үкіметтік емес ұйымдарды белсенді түрде өзара тығыз жұмыс жасауға шақырамын. Яғни қылмыс жасаған адамды қоғамнан тыс қалдырмай, арнайы реабилитациялық бағдарламалар, психологиялық көмек көрсету, кәсіби дағдыларды үйретуіміз қажет», деп атап өтті. Сонымен қатар түрлі құрылым өкілдерін қауіпсіз мемлекет пен үлгілі отбасын қалыптастыру үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Форум бос жұмыс орындарының жәрмеңкесімен жалғасты. Онда проабция есебінде тұрған тұрғындарға бос жұмыс орындары ұсынылды.