​Түркістанға алғаш рет «Алматы-Түркістан» бағытындағы туристік пойызы келді

0
1 143

Алдағы уақытта пойыз оңтүстік астана мен рухани астана бағытында әр аптаның жұма-жексенбі күндері жүргізіледі деп жоспарлануда.


​Түркістанға алғаш рет «Алматы-Түркістан» бағытындағы туристік пойызы келді

«Алматы-Түркістан» бағытындағы туристік пойызы киелі шаһарға келіп жетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

«Тұран-Экспресс» ЖШС көліктік компаниясы мен облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, туризм және сыртқы байланыстар, облыстық ішкі саясат басқармаларының ұйытқы болуымен Түркістан облысындағы ішкі туризмді дамыту мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын.

Өзара келісім аясында Алматы қаласынан жолға шыққан «Тұран-Экспресс» темір жол тасымалдаушы вагондары тіркеліп,облыс орталығына аялдады. Осыған орай Түркістан темір жол вокзалында аталған туристік пойыздың алғашқы жолаушылары атанған туристерді сала мамандары мен компания қызметкерлері, БАҚ өкілдері қарсы алды.Тарихи сәтте естелік суретке түскен қонақтар өңір қонақ жайлылығын сезініп,қала тұрғындарының қолынан дәм татты.

Бағдарлама бойынша меймандар екі күн бойы облысымыздың көрікті жерлерін аралайтын болады. Атап айтқанда,ақпараттық тур Әзірет-Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының бірқатар нысандарымен танысудан бастау алып, Отырар, Сауран қалашықтарын қамтымақ.