Түркістанның жаңа әкімі мердігерлерге ескерту жасады

0
1 128

Жаңа әкім құрылыстардың тұрғындарға қауіпсіздік тудырмауы тиістігін айтты.


Түркістанның жаңа әкімі мердігерлерге ескерту жасады

фото: Түркістан қаласы әкімдігінің фейсбуктегі парақшасынан

Түркістан қаласының жаңа әкімі қаланың жағдайымен танысып, бірқатар тапсырмалар жүктеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Кеше ғана Түркістанға әкім болып тағайындалған Рашид Аюпов қаладағы барлық құрылыс нысандарының жұмысының жүру барысымен танысты. Жұмысқа қызу кіріскен әкім алғашқы сапарын Шығыс базарының құрылысы түсетін аумақтан бастап, содан кейін Тұңғыш Президент паркі салынатын 34 гектар жердің құрылыс жұмыстарына дайындығын көріп шықты.

Жұмыс барысымен танысқан Рашид Аюпов жалпы құрылыс аймағына жақын орналасқан тұрғындарға қолайсыздық тудырмайтын жағын қарастырып, қауіпсіздік шараларын да ескеруге тапсырма берді.

Сонымен қатар, қала әкімі жұмыс сапарының барысында ескі қала аумағынан салынатын бірқатар аллеялар мен гүлзарларды және қайта жаңғыртылатын скверлердің құрылысын көріп, барынша көгалдандыру жұмысына басымдық беруді нақтылады. Сондай-ақ, Байтанаев аллеясына екі жақтама веложол салуды мердігерлермен талқылап, барлық жұмыстың сапалылығы барынша бақылауда болатынын шаһар басшысы мердігер мекемелерге ескертті.