Ас бөлмеге бояу жаққан дұрыс

0
3 973

Мамандар пікірінше ас бөлмесінің жабынына бояу жаққан жөн екен.


Ас бөлмеге бояу жаққан дұрыс

Үнемі ыстық, бу болатындықтан ас бөлменің қабырғасын жабындауға арналған қажетті материалды таңдау қиындық тудырып жатады. Сондай-ақ ас бөлменің қабырға жабыны тек әдемі ғана емес, ыңғайлы және күтімі қарапайым болғаны дұрыс. Сондықтан кез-келген материал жарай береді деу қиын.

Мамандар пікірінше ас бөлмесінің жабынына бояу жаққан жөн екен. Бояудың бірнеше түрі бар. Ендеше ас бөлмесінің жабынына арналған бояу туралы қажетті мәліметтерді төменнен оқып біле аласыздар.


Бояудың оң және теріс жақтары

Ас бөлмеге арналған қабырға бояуын таңдаудан бұрын оның ерекшелігін, тиімділігін және кемшіліктерін толықтай біліп алған жөн. Алдымен артықшылығынан бастаймыз:

  • Арнайы икемділік пен оқуды қажет етпейді. Яғни бояуды кез-келген адам жаға береді. Бар болғаны білікше (валик) мен жаққыш (кисть) қажет.
  • Бояуды қабырғадағы ескі түсқағазды алмай-ақ үстінен жағуға болады. Ерекше нақыштағы керемет дүние шығады.
  • Жуып, ылғалды шүберекпен сүртіп, тазартуға болады.
  • Сырылған, бояуы кеткен жерді оңай қалпына келтіруге болады. Бар болғаны бетіне жаңа бояу жағып шығасыз. Яғни бір шеті кетсе түгелдей ауыстырып, артық шығындалмайсыз.
  • Бояудың өткір, бас айналдыратын исі жоқ. Ас үй қабырғасына арналған бояу экологиялық таза.
  • Егер бояу барлық нұсқаулықтары дұрыс орындалып жағылатын болса, онда ол ұзақ уақыт жаңарту мен өзгертуді қажет етпейді.
  • Кез-келген түсті оңай табуға болады.


Бояудың кемшілігі:

  • Сатып алу кезінде түпнұсқа емес, жасандысына ұрынып қалуыңыз мүмкін.
  • Жаңадан салынған үйдің қабырғасына жағуға болмайды, сызық түсіп, жарылуы мүмкін.

Қажетті бояу түсін таңдау: керек кеңес

Төмендегі кеңестерді пайдалана отырып, өз ас бөлмеңізге қажетті түсті оп-оңай таңдап алатыныңызға сенеміз.

  • Ең бірінші кезекте ас бөлмеңіз әлі жоспардағы немесе енді жасалып жатқан болса, онда оның ішкі жабдықтары қалай болатынын сараптап көріңіз. Қазіргі соңғы үлгіде классикалық немесе француздық бағытта жасалып жатқан ас бөлмелеріне ақ, ақсары (кремовый), кофе түсті, ашық жасыл (фисташковый)немесе зәйтүн түсті (оливковый) таңдалады. Ал егер ас бөлмесі жиһазбен жабдықталып қойған болса, онда жиһаз түсінен өзге ерекшелеп тұратын түс таңдаған дұрыс.
  • Тек қана классикалық түстермен ғана шектеліп қалуға болмайды. Адамның бірден назарын алатын алтын, күміс секілді түстерді қолдануға болады. Мұндай нұсқа барокко стиліндегі (барокко стилі – ауқымды, өрнектері көп (королевский) жиһаздар) ішкі көріністі айқындап көрсетеді.
  • Ас үйдің терезесі солтүстік немесе батысқа қарайтын болса, онда ашық түстер: ашық сары, ақ сары, ашық алқызыл, ашық қызылсары, қауын түсті түстер таңдалғаны дұрыс. Бұл түстер бөлмені күңгірт болудан қорғайды, жарықтың орнын толтырады. Бөлменің кең, жарық болуына әсер береді.
  • Негізі бояудың сан алуан түрі болғандықтан кейде алған түстер үйдегі жиһаз түсімен сәйкес келмей үйлеспей жататын кездер болады. Сондықтан артық қаражат жұмсамас үшін үйдегі жиһаз фотоларын алып салыстырып, үйлесімділігін көріп алған дұрыс.


Дайындаған: Базарбаева Э,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз: Аттың қылы салынған матрас ұзаққа шыдайды