«Bubble» – кейінгі кездері танымалдылыққа ие болған, жаңбырдан түгел дерлік қорғайды.
Күз айының сән мен салтанаты келісіп, жауын- шашыны жиілеген кезде, жылы киімдермен қатар қолшатырды да дайындайтынымыз анық. Қазіргі кезде қолшатырсыз адамдарды өте сирек көреміз, тіпті кішкентай балаларға дейін түрлі-түстісін ұстап жаңбырдан қорғанып жүргені. Ал осы жай бір аксессуар ретінде пайдаланатын қолшатыртурасында сан түрлі қызықты деректерден хабардар болғыңыз келе ме?
Мысалы, 21 қазан түрлі-түсті қолшатырлар күні екен.
Сондай-ақ, «Қолшатыр қайдан шыққан, қашан пайда болды?», «Сатып аларда қандай жайттарға баса мән беріп, нені ескерген жөн?», «Қолдағы бар қолшатырды қалай тазартуға болады?» деген бірнеше сұрақтың жауабын төменнен іздеп көріңіз.
Қашан пайда болған?
Ең алғашында қолшатыр біздің заманымызға дейінгі 11 ғасырда Қытайда ақсүйектер мен патшалардың желпуіші әрі күннен қорғану құралы ретінде пайдаланылды. Сол кезеңдегі Қытай императорының төрт қабатты, Сиам королінің жеті қабатты, Дагомей королінде 84 адамның жақ сүйегі мен 1 бас сүйегінен жасалған ерекше қолшатырлары болған деген деректер кездеседі интернетте.
Алғашқы кездегі қолшатырлардың салмағы 2 келі, ал тұтқасы 1,5 метрге жуық болған. Сондықтан да оны алып жүретін арнайы құлдар болған.
17 ғасырдың басында Франция жеріне жеткен қолшатырлар, тек 18 ғасырдан бастап қана жаңбырдан қорғаныш зат ретінде қызмет ете бастайды. Ебедейсіз, икемсіз қолшатырлар уақыт өте біртіндеп түрлі түске еніп, түрленіп, тіпті ер азаматтарға арналғаны да ойлап табылады. Бүгінде қолшатырлардың сан алуан түрін, ағаштан, пластамассадан, темірден жасалған, тіпті көрінбейтін түрлерін де кездестіруге болады.
Қандай түрлері бар?
Қазір қолшатырды кез келген дүкеннен немесе базарлардан кездестіреміз. Олар бір-бірінен үлгісі, түсі, формасы, бағасы мен сапасы жағынан ерекшеленеді. Онысатып аларда бірнеше ерекшеліктерге баса назар аударған жөн.
Классикалық немесе дәстүрлі қолшатыр – қолмен ашылады, жаңбырдан толық қорғайды. Оның сабы ағаштан, пластмассадан жасалады. Мұндай қолшатырдың дөңгелек, әрі үлкен күмбезі қатты соққан желге жақсы төтеп бере алады. Кез - келген жиналмалы қолшатырдан мықтырақ болып келеді.
Автоматты қолшатыр - бұл түймені басу арқылы ашылып, жабылады. Ол жиналған кезде шап-шағын бола қалып, сөмкеге сыйып кетеді. Компактілі қолшатыр өткінші, сылбыр жаңбырға ұстауға арналған. Ол сізді жаңбыр құйғанда қорғай алмай, сынып кетеді. Жинамалы қолшатыр әлсіздеу болғанымен өте ыңғайлы. Классикалық қолшатырдан көлемінің кішілігімен ажыратылады.
«Bubble» қолшатыры – кейінгі кездері танымалдыққа ие болған, жаңбырдан түгел дерлік қорғайды. Ерекшелігі, қолшатыр ішінен көруге мүмкіндік береді.
Қолшатырдың күмбезі нейлоннан немесе полиэстрден жасалынады. Нейлоннан жасалынған қолшатыр суға ең төзімді және ең қымбат бағада.
Қолшатыр күмбезінің полиэтиленнен (көбіне балалар қолшатырында жиі кездеседі)және мақтадан да жасалған түрлері болады. Мақтадан жасалғаны әдемі көрінгенмен, басқа материалдарға қарағанда суды нашар сіңіреді, дымқылданған жағдайда ауырлап кетеді де, кебуі қиын болады.
Қай кезде қандай қолшатыр ұстау қажет?
Егер сіз жеке көлігіңізбен көп жүретін болсаңыз онда аса үлкен емес жиналмалы қолшатыр ұстағаныңыз жөн. Ал көбіне жаяу жүрсеңіз, онда ең дұрысы – мықты жіңішке таяқты қолшатыр.
Классикалық үлгіде киінетін ер жігітттер үшін жіңішке таяқты қолшатыр өте үйлесімді келеді. Бойы аласа адамдар, саңырауқұлақ кейпіне еніп қалмау үшін қолшатырдың аса үлкенін таңдамағаны дұрыс.
Қолшатырдың қанық жасыл және қанық көк түсті реңктерін таңдауда сақ болыңыз. Түріңіз жарқырап тұрса да, кейде біртүсті көк және жасыл түстер сізді жүдеулі етіп көрсетіп, ауырып тұрғандай өң беруі мүмкін.
Ал ерлер қауымы үшін қара және сұр түстісі дұрыс. Тек қара түс те жауынды күн секілді түнеріңкі болып тұратындықтан аздап өрнек түскенін таңдаған жөн.
Қолшатыр түсінің ең жағымдысы кемпірқосақ тәрізді әр түрлі түстермен көмкерілгендері. Мұндай қолшатырлар адамға жағымды энергетика сыйлап, қолайсыз ауа-райында жаныңызға қуаныш пен шаттық орнатады.
Егер мүмкіндік болса қолшатырыңыз басқа да аксессуарлармен, сөмке, шәлі, қолғап, галстук, тіпті кейде аяқ киіммен де үйлесіп тұрғаны абзал.
Қолшатыр күтімі мен тазалығы
Қолшатыр ұзақ қызмет етуі үшін оған дұрыс күтім қажет. Кептірген кезде матасы қатты керілмес үшін, толық емес, жартылай ашып қою керек. Ал жібектен жасалғандарын мүлде ашып кептіруге болмайды.
Қолшатырды суға нашатыр спиртін қосып (1литр суға жарты стақан нашатыр) немесе бірге бір мөлшерде (1 ас қасық) су мен сірке қышқылын араластырып тазартады. Сондай-ақ спиртке батырылған жұмсақ шөткемен де сүртіп тазалауға болады. Ал өңі түскен, кішкене сарғайған қара түсті қолшатырды қою демделген шайға малынған жұмсақ шөткемен сүртеді.
Қандай қолшатыр ұстасаңыздар да аспандарыңыз ашық, көңілдеріңіз бұлтсыз болсын!
Эльмира Базарбаева,
Оқи отырыңыз: