Коронавирустан қорғанудың 7 тәсілі

0
10 994

ДДСҰ қауіпті вирусқа шалдықпаудың жолы – тұмау кезінде сақтанудың қалыпты ережесін қатаң сақтауды ұсынады.


Коронавирустан қорғанудың 7 тәсілі

Бүгінде әлем елдеріне қауіп төндіріп тұрған вирус жайында алып-қашпа әңгіме де, жалған ақпарат та көп. Өкінішке орай, бұл дерттен көз жұмғандар саны да күннен күнге артуда.

Осыған орай, қауіпті вирустан сақтану шаралары бүкіл әлемде өзекті болып отырғандығы анық. Ол үшін төмендегі ең қарапайым тазалық ережесін сақтау жолдарына назар аударған жөн.


ҚОЛДЫ жиі жуу

Әрине, бұл ереже бұрыннан таныс. Дегенмен, көпшілік жиындар мен қоғамдық орындарда, әсіресе әжетханаларда қолды сабындап жуатындар аз. Сондықтан, мұндай орындарда және үйге келгенде міндетті түрде қолды сабындап жууды естен шығармаған жөн. Бұл – вирустардың таралуын тежейтін бірінші тәсіл.

  • Қоғамдық көлік;
  • Әжетхана;
  • Жануарларды ұстау;
  • Жануарлардың азық-түлігін ұстау;
  • Аурудың заттары мен онымен қатынаста болу;
  • Қоқыс тастау;
  • ЖҰмыстан үйге оралған соң;
  • Түшкіру мен жөтелуден соң міндетті түрде қолды САБЫНДАП жуу керек.


Жуылмаған қолмен ұстамау

Қандай да бір бактерия немесе вирус болмасын, оның ағзадағы шырышты қабаттарға түспеуін қадағалаған жөн. Яғни, жуылмаған қолмен мұрын, ауыз, көзді ұстамау және уқаламау қажет.

Сонымен қатар, шаш пен мұрт, сақалды да ұстамаған жөн.


Түшкіру мен жөтелу

Түшкіру мен жөтелу әдебі бар. Ал қазіргі жағдайға байланысты, мұндай сәтте тоса қоятын қағаз майлықтың (салфетка) болғаны дұрыс. Онымен түшкіргенде және жөтелгенде мұрын мен ауызды жауып, болған соң қоқыс шелегіне тастау керек. Содан соң міндетті түрде қол сабындап жуылады.

Егер қолда майлық болмаса, шынтақ буынымен қалқалаған дұрыс.

Сол сияқты, күн сайынғы тұрмыста қолмен ұстайтын заттарды (есік тұтқасы, қосқыштар мен розеткалар, телефон, теледидардың басқарғышы, компьютьер тышқаны және т.б.) құрамында спирті бар залалсыздандырғыш құралмен жиі сүртіп тұрған жөн. Әсіресе, үйде отбасы мүшелерінің бірі тұмаумен ауырып жатқанда мұндай шараны жиі жасау қажет.


ҚОҒАМДЫҚ орындардан сақтану

ДДСҰ адамдармен қатынас жасағанда ара қашықтықты 1м сақтауға кеңес береді. Егер қатынастағы адам түшкіріп немесе жөтеліп жатса, қашықтықты одан да алыс ұстаған жөн.

Сонымен қатар, сүйісіп немесе қол беріп амандасудан да бас тарта тұрған жөн.


БӨЛМЕНІ желдетіп тұру

Кез келген вирустан сақтану ережелерінің бірі - бөлмедегі ауаны үнемі тазартып, ондағы ылғалдың мөлшерін қалыпты деңгейде ұстау. Тазартылмаған ауа бактериялар мен вирустардың одан сайын көбеюіне өте қолайлы орта.

Сондықтан, желдеткішті жиі ашып, ауаны бірнеше рет тазартуды ұмытпау керек.


БЕТПЕРДЕНІ дұрыс қолдану

Медициналық бетперде қай кезде қажет? Бірінші кезекте оны инфекциялық аурумен ауыратын адамдармен қатынас жасағанда немесе оны күтіп, жағдайын жасау кезінде пайдаланады. Бұл инфекция мен вирустың таралуын азайтады.

Ал сау адамға көмектесе ме?

Қарапайым бетперде ауыз бен мұрынды және көзді (вирус түсетін тағы бір ағза) толық жаппайды. Оған қарағанда қолдың, тыныс алу ағзалары мен көздің гигиеналық тазалығын сақтау әлдеқайда нәтижелі болмақ.

Сонымен қатар, ДДСҰ ұсынғандай, бетперденің де пайдалану ережелерін сақтау керек. Оны таққанда таза қолмен ұстау, уақыты өткен соң шешіп, жаңасына ауыстыру және пайдаланылған бетпердені ұстаған соң міндетті түрде қолды жуу керектігін естен шығармаған жөн.


ҮРЕЙГЕ бой алдырмау

Әрине, бүкіл әлемге тарап жатқанда үрейленбей жайбарақат қалу да оңай емес.

Мұндай жағдайда үрейлену, қорқыныш деген қалыпты жағдай. Түрлі жалған ақпарат та тарап жатқанын айта кету керек. Сонымен қатар, ДДСҰ ресми сайтында нақты дәлелмен деректер келтірілген. Осындай сенімді дереккөздердің ғана ресми ақпараттарына құлақ асқан дұрыс.

Әлбетте, бұрынғыдай салауатты өмір салтын ұсынып, тазалықты сақтау, жоғарыдағы кеңестерді іске асыру арқылы қауіпті вирустан сақтанудың бірден бір жолы болмақ.


Дегенмен, аурудың алғашқы белгілері байқала қалса, 103 нөміріне қоңырау шалу керек. Ал қосымша ақпаратты 1406 нөмірі арқылы біле аласыз.


Еске сала кетсек, аурудың белгілері:

  • бас ауруы
  • мұрынның бітелуі
  • жөтел
  • кеуденің шаншып ауруы
  • дененің қалтырауы
  • жоғары температура
  • жүректің қатты соғуы
  • тыныс алудың жиілеуі

Еске сала кетейік, Қазақстанда коронавирусқа шалдыққандар тіркелмеген.