"Моцарелла" ірімшігін үйде-ақ жасап алуға болады

0
4 861

Ірімшікті қолдан жасаудың тәсілдері


Ірімшікті қолдан жасауға болады. Тіпті, дайындау тәсілінің еш қиындығы да жоқ. Егер сөзімізге сенбесеңіз, төмендегі ірімшік мәзірлерін қарап, өзіңіз де жасап көруге тырысыңыз. Үй наны, үй ірімшігі, үй шұжығын жегенді кім ұнатпайды?!


Сүттен жасалған ірімшік

Қажетті заттар:

  • 3 л сүт
  • 1 л айран
  • 1-2 шай қасық тұз.


Дайындалу тәсілі:

  1. Ең алдымен біз айранды қайнатып алуымыз керек. Отты жай қойып, айранды қайнатамыз. Айранның сүзбесі ажырағанша қайнату керек. Бар-жоғы 5-7 минутта айранның сары суы шығады.
  2. Содан соң сүзбені сүзіп алып, жей беруге болады. Ал, қалған сары суды екі күн бөлме температурасында ұстайсыз.
  3. Екі күн өткен соң сүтті қайнатып, осы сүтке сары суды құямыз. Алғашында ешқандай өзгеріс байқалмайды, тіпті, иісі де өзгермейді. Сонда да жай отта қайната бересіз. 5-10 минуттан соң сүттің бетіне ірімшік қалқып шығады. Осы уақытта ірімшікті сүзіп немесе дуршлагқа салып аламыз.
  4. Сүзіп алынған ірімшікке тұз қосып жақсылап араластырамыз. Кейіннен дәкеге немесе арнайы қалтаға құйып, 30 минуттай іліп қою керек. Осы уақыт өткеннен кейін ірімшікті белгілі бір формаға келтіріп, үстінен ауыр затпен басып қоямыз.
  5. Немесе ірімшікті қалтасымен тәрелкеге салып, бетіне тағы біреуін жабасыз да, үстіне 1 литрлік су толы банканы қоясыз. Осы қалыпта ірімшікті 3 сағат бойы тоңазытқышқа салып қойыңыз. Сосын ірімшікті қалтадан алып, жей беруге болады. Дәмді ірімшік те дайын.


«Моцарелла» ірімшігі


Қажетті заттар:

  • 2 л сүт
  • 2 ас қасық тұз
  • 2 л су
  • ¼ шай қасық мәйек ферменті (сычужный фермент)
  • 2 ас қасық лимон шырыны.


Дайындалу тәсілі:

  1. Мәйек ферментін базардан немесе дәріханалардан табуға болады. Оның 1 грамы 100 л сүтке қосылады. Сондықтан да 2 л сүтке пышақтың ұшымен ғана қоссаңыз жеткілікті.
  2. Лимонды ортасынан бөліп, жартысының шырынын сығып аламыз.
  3. Мәйек ферментін жарты стақан суға салып араластырамыз. Көп қосылып кетсе де ештеңе етпейді. Оның ешқандай зияны жоқ.
  4. Сүтті 70 градусқа дейін ысытып, лимон шырыны мен мәйек ферменті қосылған суды құямыз. Араластырып, қыздыра түсеміз, бірақ қайнатпаймыз. Сонда сүттің ірімшігі шыға бастайды.
  5. Сүзбені сүзіп алып, бір шетке қоя тұрыңыз. Енді суды 90 градусқа дейін қыздырып, отты сөндіреміз. Суға тұз қосып, ірімшікті саламыз. Сонда ірімшік өте жұмсақ бола бастайды. 2-3 минуттан кейін судан алып, мыжғылаймыз. Сосын ыстық суға қайтадан саламыз.
  6. Енді үстелдің үстіне асханалық пленканы жайып, оған ірімшікті саламыз да, пленканы орап шұжық жасаймыз. Дәл осылай жасайтын болсаңыз, нағыз «моцарелла» дәмін сезінетін боласыз. Біраз уақыт тоңазытқышқа салып қойып, кейіннен жей беруге болады.


Үй ірімшігі


Қажетті заттар:

  • 1 кг сүзбе
  • 1 л сүт
  • 200 гр. сары май
  • 2 дана жұмыртқа
  • ¾ қасық тұз
  • 1 шай қасық ас содасы


Дайындалу тәсілі:

  1. Кастрөлге сүтті құйып, сүзбені саламыз. Отқа қойып, қайнауға дейін жеткіземіз. Үнемі қозғап отыруды ұмытпауымыз керек.
  2. Сары суынан сүзбе бөлініп шыққанша қайната береміз. Сары майды ыдысымен табаққа құйылған ыстық суға салып ерітіп аламыз.
  3. Ал, бөлек ыдысқа жұмыртқаның сары уызы мен ас содасын, тұзды салып, араластырамыз.
  4. Сүзбені екі қабатталған дәкеге сүзіп алып, суын әбден сорғытамыз. Енді барлығын кастрөлге салып, сыртынан қайнату керек. Сүзбені үнемі араластырып отыруды ұмытпаймыз. Сонда сүзбе екі еселеніп, көпси бастайды. Осы уақытта сүзбеміз дәмді ірімшікке айналады.
  5. Енді ірімшікті қалыпқа салып шығамыз. Сосын 4 сағаттай тоңазытқышқа салып алып, артынша пергамент қағазымен ораймыз. Осылайша оралған ірімшік тоңазытқышта тағы біраз тұрады. Егер қатты ірімшік жасағыңыз келсе, ірімшікті бірнеше бөлікке бөліп, әрқайсысын пергамент қағазымен орайсыз. Ірімшікті тоңазытқышта бір түн ұстаған дұрыс.


Балқытылған ірімшік

Қажетті заттар:

  • 400 гр. сүзбе
  • 2 дана жұмыртқа
  • 100 гр. сары май
  • 0,5 шай қасық ас содасы.


Дайындалу тәсілі:

Сүзбені бірден кастрөлге салып, еземіз. Сосын оған жұмыртқа мен ас содасын қосамыз. Барлығын жақсылап араластыру керек. Артынша өте жұмсақ сары майды салып, тағы да жақсылап араластырамыз. Содан соң араласпаны жай отқа қоямыз. Үнемі қозғай отырып, сүзбені қайнатамыз. Біркелкі қалыпқа келгенше, яғни, 15-20 минуттай отты сөндірмейміз. Сонда ірімшігіміз де дайын болады. Дайын болған балқытылған ірімшікке аскөк және тағы басқа қоспаларды әркім өз қалауына қарай қоса алады. Ірімшікті ыдысқа құйып алып, қақпағын жабамыз да, тоңазытқышқа салып қоямыз. Ірімшік суығанша тоңазытқышта тұруы керек.

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Үйде макароннан басқа ЕШТЕҢЕ қалмағанда жасауға болатын 5 ТАҒАМ


Картопты енді ҚУЫРМАЙМЫЗ: 5 түрлі заманауи мәзір


Сүзбе салынған тәтті нанды қалай пісіреді?