Жеті шелпекті жұма сайын тарқатып, өмірден өткен ата-бабаларына құран бағыштайтындар өте көп.
Шелпекті дәмді етіп пісіру әрбір қазақ әйелінің міндеті. Оны түрліше дайындауға болады. Егер туған-туыстарыңыздың, көршілеріңіздің Сіз жасаған шелпекті сүйсіне жегенін, Сіздің әрбір ісіңізге тілекші болғанын қаласаңыз, шелпекті ерекше әдіспен пісіруді біліп алыңыз.
Салма салынған шелпек
Қажетті өнімдер:
- 200 мл жылы су
- 1 дана жұмыртқа
- 0,5 шай қасық тұз
- 1 ас қасық 9%-дық сірке су
- 1 ас қасық өсімдік майы
- 450 гр. ұн
Салмасына:
- 350 гр. фарш
- 1-2 дана пияз
- 100 гр. қатты ірімшік
- Пісіру үшін өсімдік майы қажет.
Дайындалу тәсілі:
- Табаққа жұмыртқа мен тұзды салып, 1 ас қасық сірке суы мен жылы суды құямыз. Сөйтіп барлығын арнайы құралдың көмегімен жақсылап араластырамыз.
- Ұнды електен өткізіп, табаққа салып, жұмсақ қамыр илейміз. Артынша 1 ас қасық өсімдік майын құйып, тағы бір илеп жібереміз. 5-10 минуттай қамырдың июін қандырып қоямыз.
- Салманы дайындау үшін: дайын фаршты табаққа салып, еттартқыштан өткізілген пияз, тұз, бұрыш салып, араластыру керек. Дәмдеуіштер де қосуға болады.
- Осы фарштың бетіне ірі үккіштен өткізілген ірімшікті салып, жақсылап араластырамыз.
- Июі қанған қамырды алып, кішірек бөліктерге бөліп, дөңгелектеп шығу керек. Тағы да бетін жауып, 5 минутқа қалдырамыз. Қ
- Қамырларды жұқалап жаямыз. Екі қамырдан 1 шелпек дайындаймыз. Ол үшін жайылған 1 қамырды алып, оның бетіне фаршты саламыз. Сосын екінші қамырды бетіне қойып, жан-жағын жабыстырып шығамыз.
- Табаға азырақ май құйып, шелпектерді екі жағын бірдей қызарта пісіріп ала береміз. Өте дәмді әрі ерекше әдіспен дайындалатын ЖЕТІ шелпегіміз де дайын болды!
Қаттама шелпек
Қажетті өнімдер:
- 100 мл сүт
- 100 мл су
- 700 гр. ұн
- Маргарин немесе қойдың құйрық майы
- Дәміне қарай тұз, қант қосылады.
Дайындалу тәсілі:
- Жылы сүт пен суды табаққа құйып, ұн, тұз, қант салып, өте жұмсақ қамыр илейміз. Кішкене июін қандырып, қамырды жұқалап жаямыз да, маргарин немесе қойдың құйрық майын жағамыз.
- Жайылған қамырды жинап алып, дөңгелектейміз де, қайтадан жаямыз. Осылайша қамыр 3-4 рет жайылуы керек.
- Содан соң май жағылған қамырды орап, 3-4 сағат тоңазытқышқа салып қоямыз. Кейіннен қамырды алып, бірнеше бөлікке бөліп кесіп шығамыз. Әрқайсысын жайып, майға пісіріп аламыз.
- Қамырды пісіріп жатқанда ісініп кетпес үшін бір-екі жерінен тесіп қоюға болады.
Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,
Тағы да оқыңыз:
"ГОЛУБЦЫ" - Тез әрі ЕРЕКШЕ әдіспен дайындауға болады