​Ер адамның киімін аяқасты етпеудің мәні неде?

0
475

Әйел адам ер кісінің киімін астына басса, оның басынан бағы таяды деп есептеген.


​Ер адамның киімін аяқасты етпеудің мәні неде?

ото: zaks.ru

Ежелден ер адамның орны әйелден бір саты жоғары тұрады дегенді санамызға сіңіріп өскен ұрпақпыз. Сондықтан, қашанда соңғы әрі шешуші қадамдарды ер адам қабылдауы керек. Әйелдер әрқашан ер азаматына қолдау білдіріп, оның жан тыныштығын, отбасының берекесін сақтаушы, ер-азамат отбасының қорғаны.

«Ер азығы түзде» дегенді ұстанатын халқымыз, әжелеріміз бен аналарымыз азаматтары шаруамен сыртқа шығып бара жатқанда «аман-есен барып қайт» деп тілеуін тілеп шығарып салып отырған. Қазір осы мысалды көп айтып жүрміз, әйел адам күйеуі үйден шығып бара жатқанда «қайда барасың?» деп сұрау қоймауы тиіс, олай етсе жолы болмай қалады деп ырымдайды. Сондықтан, тек оның ескертуімен қайда баратынын болжап және аман-есен отбасына оралуын тілеп отырған.

Бұл ғана емес, ер азаматтың тұтынатын бұйымдарына дейін қастерлеп, құрметпен қараған және оны жоғарыда ұстаған. Тіпті ер адамның киімін, әсіресе жағалы киім болса оны жерге тастамаған.

Әйел адам ер кісінің киімін астына басса, оның басынан бағы таяды деп есептеген. Егер тозығы жеткен киім болса оны тұрмыс-тіршілікке қолданбастан, өртеп жіберген.

Қазір жас келіншектер мұндай ұстанымды елеп-ескере ме білмеймін, бірақ көпшілігінің бұл салтты ескілік көзқарас деп есептейтіні жасырын емес. Дегенмен, ескі көзқарас болса да, оның астарында денсаулық, ер адамның жолының ашық болуына байланысты наным-сенімдер әлі де өшкен жоқ.

Осыған орай, ер адамның киімін де қастерлеп ұстауға қатысты бір аңыз әңгіме бар. Түйінін өздеріңіз шығарып көріңіздер.

XVIII ғасырда Қазақстанның батыс өңірінде Есенгелді атты кісі ғұмыр кешеді. Ол жеті атасынан бері бай, мал-жаны мыңғырған адам болса керек. Нағыз шынжыр балақ, шұбар төс дәулетті адам екен. Болыс болып, ел де билейді. Оның тоқалынан Бекей есімді ұлы болыпты. Бекей орысша сауаты өте жоғары, көзі ашық жігіт екен. Байдың бәйбішеден туған ұлдары Бекейдің ел ішіндегі беделін көре алмай, әкесін ұлына айдап салады.

Оған:

– Балаңыз атадан қалған дәулетті бей-берекет шашып жүр. Ел-жұртқа абыройсыз қылып бітті, – деп жамандайды. Оларға иланып қалған Есенгелді:

– Олай болса, маған қандай ақыл бересіндер? – деп сұрайды.

- Ойбай, әке! Ондай баланың барынан жоғы. Тез құтылғаныңыз жөн, – деп азғырады мысық тілеу ұлдары. Зұлымдардың тіліне ерген бай Бекейді мерт қылады. Бұл оқиға кейін барлық жерге әшкере болады. Байдың келіні өте есті жан екен. Әкесінің өз ұлының түбіне жеткендігін дәлелдеп, қазы-билердің алдына жүгінеді. Бай баласын өлтіргенін мойындап, өкінеді. Даудың соңы кұнға кеп тірілгенде өжет әйел:

– Еріме құт болмаған дәулет маған бақыт бермейді. Бір ғана тілегім бар. Қайын атамның жеті атасынан бері келе жатқан құндыз жағалы тоны төрінде ілініп тұр. Соны бір аттап өтем. Басқа талабым жоқ, – депті.

Келіннің өтініші орындалады. Көп ұзамай, Есенгелді бір жұтта төрт түлік малынан тегіс айрылып, таяқ ұстап қалады. Киелі киімі аяққа тапталғандықтан, байдың бағы тайыпты. Ақыры Есенгелді жоқшылықта, қайыр сұрап жүріп өлген екен.

Бұл оқиғаға қатысты орыс жазушысы В.Даль «Бекей мен Мәулен» атты хикаят жазған. Осы жағдай киімнің де құты болатындығын, оны басқанда киесі кетіп, шаңырақтан бақтың ұшатындығын көрсетеді.

Жазушы Мұхтар Мағауиннің «Алтыбақаннан соң» атты әңгімесінде ер адамның киімін әйел адамның астына басып отырмайтындығы туралы сюжет келтірген. Шығарма авторы бұл жерде әйел адам ер кісінің киімін астына басса, оның басынан бағы таяды деген ойды әсерлі де нанымды жеткізген.

Қазақтың дәстүрі мен наным-сенімдері жайлы зерттеген жазушы-ғалымдардан артық ешкім де суреттеп бере алмайтын шығар. Қалай десек те, қазақтың салтын, тұрмыс-тіршілігі мен наным-сенімдеріне сіңіп кеткен осындай дәстүрлерін құрметтеу кейінгі ұрпақтың еншісінде.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


БЕРГЕК деген не?


«Орамал ауыстыру» салты қай кезде орындалады?