"Өлі-тіріге" арналып сойылған малдың етінен тұрмысқа шыққан қыз ауыз тимейді
фото: carposting.ru
«Аттан құласа да, салттан құламаған халықпыз» деп сипаттаймыз ғой өзімізді. Салт-дәстүрді берік ұстанған халық ретінде әрбір салт-дәстүрдің, әрбір әдет-ғұрыптың астарында терең мағына мен мән жатыр. Өлі-тірі де – сондай мағыналы кәделердің бірі. Ұзатылатын қызға өлі-тіріге аталып сойған малдың етінен әзірленген тағамнан ауыз тигізбейді. Халық ішінде ол жаман ырымға баланады.
"Өлі-тірі" кәдесі қай кезде орындалады?
Сонымен өлі-тірі деген не, алып қашып үйленген жағдайда өлі-тірі кәдесі орындала ма?
"Өлі-тірісін" беру дәстүрі қазақ қоғамында шамамен темір дәуірінде қалыптасқан. «Қазақ энциклопедиясында» бұл кәдеге мынандай анықтама берілген:
«Өлі-тірі – құдалық кәдесінің бірі, құдалардың қыз жағына алдын ала әкелген малы. Әруақтардың ризашылығына арналғандықтан, өлі-тіріге келген мал еті сойылып қыздың туыстарына таратылады. Әлі ұзатылмаған қызға ол еттен жеуге тыйым салынады».
Қазақта «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» деген аталы сөз бар. Демек, қызды ұзатып алып кететін жақ шама-шарқына қарай барлық кәдені жасауға тиіс. Оның ішінде өлі-тірі кәдесі де орындалуы керек. «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» кітабында: «Өлі-тірі» деген сөз қосылып жазылғанымен, мазмұны – өлі, тірі. Бұл арадағы өлі мен тірінің айтылуы: «алдағы құдалық баянды болуы үшін екі жақ өлі мен тірінің алдында ант етеміз» дегенді ұғындырады. Сондықтан да өлі-тіріге әкелінген мал осы уәдеге бола атап сойылады».
Өлі-тіріге аталған малдың күйлі әрі жас болғаны абзал. Өйткені ол мал тұрмысқа шыққалы жатқан қыздың бақилық болған ата-бабасына, туыстарына арнап сойылады, Құран бағышталады. Қазір көбіне өлі-тіріге атап қой береді, ал ертеректе күйеу жігіт ауақтты отбасынан болатын болса, кәде малға жылқы берген. Сол кәде малды сойып, алыс-жақыннан келген туған-туыс пен көрші-қолаңға дастархан жайып, бата сұралады. Жиналған қауым сол дастарханнан ауыз тиіп, екі жасқа бата береді.
Айта кетерлігі, өлі-тіріге арналған малды қыздың үйі соймайды. Бұл тыйым жоғарыда аталған еңбекте былай түсіндіріледі: «Өлі-тіріге арналған малды бөгде біреу алып сояды. Бұнда да мән бар. Өйткені екі жақтың анты үшін таңдамахшарда куә керек. Сонда тырп ете алмайтын заңды болады». Бұл ғұрып жасалмаса, ата-баба аруағы назаланады, келін аурушаң болады, шаруашылық шалқымайды деген сенім бар.
Этнограф Болат Бопайұлы бұл кәдеден аттап кету ата-баба әруағын сыйламағандық деп түсіндіреді. «Қазақтың ескі ырымында аруақ аттамайды, ақ асты телміртпейді. Қызға құда түсіп, өлі-тірі кәдесін қатар жасамаса, ата-баба аруағын сыйламағандық болып есептеледі. «Аруақты сыйламаған аруды да сыйламайды», «Құдайсыз екен», «Қорықсаң құдайсыздан қорық» деген тәмсіл сөз содан қалған. Өлі-тірісі өтелмеген той жетім той деп сөккен. Сондықтан «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген мақал осы жолды ырымнан туған», - дейді этнограф. Өлі-тіріге арналған мал сойылып, құдайы тамақ берілген соң екі жақ бірін-бірі «құда-құдағи» деуге толық қақылы болады.
фото: Pinterest
Неге "өлі-тіріге" арналған дәмнен ұзатылатын қызға ауыз тиюге болмайды?
Қазақтың дәстүрінде өлі-тіріге арналған малдың етінен әзірленген дәмнен ұзатылған қызға ауыз тигізбейді. Бұл ырымның мәні неде? «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» кітабында бұл жайында: «Өлі -тірі рәсімі – көпшілікке арналатын құдайы садақа. Сойылған малдың еті түгелімен асылады. Бұл малдың етінен ұзатылатын қыз ауыз тимейді. Қазақта барар үйінің босағасын аттамай тұрып оның дәмін татса, кездейсоқ кедергілер кездесіп, ол жақтың дәм-тұзы бұйырмай қалуы мүмкін деген ырым да бар», - деп жазылған. Бұған қоса ұзатылып барған қыздың жаңа жұрттағы атқарған қызметі берекесіз болады деген де сенім бар.
Кейінгі кездері «өлі-тіріні» қызды ұзатпай, оны алып қашып кеткенде қыздың аман екенінен хабар беру үшін хабаршылар келгенде алып келетін «өлі-тірі малы» салты деп түсінетіндер көп. Бірақ дәстүр бойынша, кешірімшілер алып келген қой – бұл болашақ құдаларға арнап алып келген сый-сияпат, ашуын қайтару ретіндегі үрдіс. Егер қызды алып қашып үйленетін жағдай болса, құдалық жоралғысын жасаған кезде "өлі-тірі" үшін арнайы қой алып келуі міндетті.
Қызды алып қашсын немесе құда түсіп алсын, ата-ана өлілерге арнап, тірілерге арнап, құрбандығын шалуы міндетті. Халық арасында өлі-тірісі берілмеген қыз аурушаң болады деген де наным-сенім қалыптасқан. "Өлі-тірі" ақ некесі қиылғалы отырған екі жастың бақыты үшін жасалатын кәде ретінде ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келеді. Оның келесі ұрпаққа жетуі – сіз бен біздің еншімізде.
Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,
Тағы да оқыңыз: