Көп тамақ жеп қойғанда толысып кетпеу үшін не істеу керек?

0
4 802

Көп тамақ жеп, асқазанға ауырлық түсіргеннен кейін ештеңе жемей қоюға болмайды.


Көп тамақ жеп қойғанда толысып кетпеу үшін не істеу керек?

Артық салмақ, семіздік қайдан пайда болады? Біреулерде бұл гормондық өзгерістердің әсерінен болса, енді біреулерде тамақты көп жегеннен, сонымен қатар, қимылдың аздығынан да адам бойында осындай мәселе туындайды дейді мамандар.

Егер сіз алдыңызға ас келгенде екі қолды бос қоятын жан болсаңыз, онда тамақтанып болғаннан кейін не істеу керектігін біле жүріңіз.


Не істеу керек?

Егер сіз тамақты көп жеп қойғаныңызды сезсеңіз, онда демалуға, бірден жата қалуға асықпаңыз. Олай ететін болсаңыз, ас қорыту нашарлап, бұрынғысынан баяулайтынын ұмытпаңыз. Лажы болса белсенді болуға тырысыңыз. Ол үшін кешкі серуенге шығыңыз немесе билеңіз. Әйтеуір қимыл-қозғалыс жасауға тырысуыңыз керек.

Егер сіз мөлшерінен асырып тамақтанған болсаңыз, ұйқыға жатарда 1 стақан айран ішіп жатыңыз. Айран асқорытуды жылдамдатып, ішек-қарын жұмысына жағымды әсер етеді.

Көп тамақ жеп, асқазанға ауырлық түсіргеннен кейін ештеңе жемей қоюға болмайды. Яғни, мұндай күннің ертеңіне бір ғана азықтан тұратын диетаға отырмау керек. Бұлай істеген жағдайда зат алмасу жүйесінің жұмысы нашарлап, өз-өзіңізге тек кері әсерін тигізетін боласыз. Сол себепті де қалыпты тамақтану тәртібін ұстанғаныңыз жөн.

Көп тамақтанған адамға көп қимылдау керек. Бірақ тамақтанып болғаннан кейін, екі сағаттан кейін немесе ертеңіне жаттығуды бұрынғыдан көбірек жасаңыз. Сонда бір күн бұрын жинаған калорияны оп-оңай шығара аласыз. Бірақ жаттығуды да шамадан тыс асырып жасауға болмайды.

Кешкі асты мөлшерінен асырып жеген болсаңыз, таңертеңнен бастап көп су ішуге тырысыңыз. Су зат алмасу мен ас қорыту жүйелерінің жұмысын жақсартып, тамақтың тез қорытылуына септігін тигізеді.


Өз-өзіңізді қолға алыңыз



Әдетте көп жеп қойған нәзікжандылар өз-өзіне ренжіп, көңіл-күйін түсіріп жатады. Бұдан бөлек, мұндай жағдайдан кейін ашуыңызды басу үшін тағы да үстелге жайғасуыңыз ғажап емес. Сөйтіп тамақты екі-үш есе артық асайтыныңыз айдан анық. Алайда мәселені шешудің орнына керісінше мәселені үдете берсеңіз, май үстіне май жамай береріңіз сөзсіз. Сондықтан да артық салмақтан тезірек құтылу үшін, тамақты мөлшерімен жегеніңіз абзал. Тамақтануға байланысты кеңестер тыңдап, тағамның мөлшерін жай-жай азайтқаныңыз дұрыс.


Үнемі тамақты асыра жейтін болсаңыз, не болатынын білесіз бе?

Сіз тамақтанған уақытта ағзаңыз қабылдаған калорияның біразын энергияға жұмсайды. Ал, қалғанын май болып жинала береді. Осылай жалғаса беретін болса, яғни, ішіп-жегеніңізді энергиямекн алмастырмайтын болсаңыз, семіздікке бой алдырып, май басу қаупі бар. Мұның соңы зат алмасу процесін баяулатып, басқа да созылмалы аурулардың пайда болуына әкеп соқтыруы мүмкін.

Тамақты тойып жеу, әсіресе зиянды тағамдарды көп жеудің соңы асқорыту жүйесінің жұмысын бұзады. Асқорыту ферменттері белгілі мөлшерде ғана қолжетімді болады. Көп тамақ жеген кезде, ферменттер де тез сіңіп кетеді екен. Ал, тамақты асап жегеннен кейін асқорыту мүлде баяулайды. Соның әсерінен жегеніңіз асқазанда қорытылмай көп уақыт жатады да, соңында майға айналады дейді мамандар.

Сонымен қатар, тамақты көп жеу ұйқыға да әсер етеді. Осылай аптадан айға ұласып, тамақты асыра жеуді тоқтатпайтын болсаңыз, ауруыңызға ауру қосып, қант диабетіне шалдығуыңыз да ғажап емес. Ендеше, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын табыңыз. Семіздік те көп ауруларға себепші болып, тіпті, өлімге әкелетін жағдайлар да бар.

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


Арықтағыңыз келсе: ТАРАЗЫҒА тартылғанда мына 4 қателікті жібермеңіз


800 калориядан құралған қарапайым диета