Бұл өзгеріс уақыт өте келе басқа бармақтарға да жалғасады.
Бас бармақтың вальгусты деформациясы – өте жиі кездесетін мәселе. Әсіресе ересек жастағы әйелдерде. Сырт көзге сүйкімсіз көрінетіні, аяқкиім таңдауда қиындық туғызатынымен қатар, бірқатар ауырсыну сезімдері болатын ұнамсыз жайт.
Аяқтың бас бармақтарынан басталатын бұл өзгеріс уақыт өте келе басқа бармақтарға да жалғасады. Сондықтан, қай уақытта болса да алдын алатын және бармақ сүйектерін түзететін жаттығу жасауды бастауға ешқашан кеш емес.
- Шалқаңыздан жатып, бала кездегідей велосипед тебу ойынын ойнаңыз. Екі аяқты велосипед педалін қозғағандағыдай айналдырыңыз. Айналдыру кезінде міндетті түрде саусақтарды қимылдату керек. Аяқты алға айналдырғанда, саусақты да барынша алға қарай бағыттап созыңыз. Аяқ артқа қайтқанда саусақтарды барынша артқа қарай жиырыңыз. Күніне 2 рет 10 айналымнан жасаңыз.
- Келесі жаттығуды отырып жасау керек. Қолды денеден кішкене артқарақ қойып, еденге тіреңіз. Аяқ алға созылады. Екі табанды (тобық тұсындағы буыннан) кезек-кезек алға созып, артқа жиырыңыз.
3. Тура осы қалыпта отырып, аяқ бармақтарының арасын ашыңыз. Барынша бір-бірінен алыстатып, осы қалыпта бірнеше минут отырыңыз. Бармақтарды босатып бастапқы қалыпқа келтіріңіз. Осылайша 10-15 рет қайталау керек.
4. Тура осы жаттығуды керісінше жасаймыз. Яғни, бармақтарды бір-біріне барынша жақындатып, біріктіріп, сәлден соң қайта босатыңыз. Осылайша 5 минуттан кем емес уақыт қайталаңыз.
5. Орындыққа отырып, екі табанды тегіс еденге қойыңыз. Содан соң алға-артқа жүріңіз. Жүру кезінде табан еденнен көтерілмейді, бұл үшін тек саусақтар қолданылуға тиіс. Соңыра дәл осылай табанды еденнен көтерместен, тек саусақтарды қозғалту арқылы екі аяқты екі жаққа қарай, кейін кері қарай (бір-біріне қарай) жүріңіз.
6. Орындықта отырған қалыпта аяқтың бас бармағы мен екінші бармағына қолмен ұстағандай етіп қарындаш не қаламсап қыстырып қойыңыз. Сосын ауаға сурет салып, жазу жазыңыз.
7. Жерге ұсақ заттар (кішірек доп, мата қиындылары, қағаз, т.с.с.) тастап, оларды бармақтармен қысып бір орыннан екінші орынға ауыстырыңыз. Доп, мыжылған қағаз секілді үлкенірек, жеңіл заттарды екі аяқтың бармақтарын қоса отырып көтеруге машықтаныңыз.
8. Орныңыздан тұрыңыз. Екі қолды жоғарыға созып, өкшені еденнен көтеріп, аяқ ұшымен тұрыңыз. Осы қалыпта арлы-берлі жүріңіз. Кейін өкшені түсіріп, бармақтарды жоғары көтеріп, өкшемен жүріңіз. Екі қолды белге қойып, табанның ішкі қырын жоғары көтеріп, сыртқы қырымен, содан соң сыртқы қырын көтеріп, ішкі қырымен де тура осылай әрлі-берлі жүріп қозғалыс жасаңыз.
9. Ванна не үлкен ыдысқа жылы су (шамамен 35 градус) құйып, түбіне резеңке шыбықтары бар төсеніш тастаңыз. Осы төсенішті 10 минуттан астам уақыт басып бір орында жүріңіз.
Аударған: А. Мейірханқызы,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: