Кесарь тілігі: Ота арқылы босанған соң фитнеспен шұғылдануға бола ма?

0
7 714


Кесарь тілігі: Ота арқылы босанған соң фитнеспен шұғылдануға бола ма?

Жас босанған әйелдер көп өтпей-ақ жүктілікке дейінгі мүсін мен сұлулығын қайтарғысы келеді. Мұндайда олардың таңдауы көбінесе диетаға түседі. Әрине диетамен аз уақытта артық салмақтан арылуға болады. Бірақ мамандар бұл уақытта салмақтан бұрын денсаулықты ойлаған дұрыс дейді. Денсаулықты нығайту үшін жаттығу жасаған жөн. Ал кесарь тілігімен босанған келіншектер ше? Олар қанша уақыттан кейін фитнеспен шұғылдана алады?


Қанша уақыттан соң фитнеспен шұғылдануға болады?
Кесарь тілігінен соң фитнеспен шұғылдануды бастамас бұрын міндетті түрде акушер-гинекологтың кеңесін тыңдаңыз. Мамандардың пікірінше, кесарь тілігімен босанған әйелдертің тек 6 айдан кейін жаттығу жасауына болады. Жарты жылдан кейін жасалған жаттығу (әсіресе күш салатын, отырып-тұратын) әйел денсаулығына зиянын тигізбеді. Егер босанған әйелдің дені сау әрі иммунитеті мықты болса 70 күннен кейін-ақ отаның орны жазыла бастайды. Бірақ бұл әр әйелде әрқилы болуы мүмкін. Сондықтан алдымен дәрігерге тексерілген артқытық етпейді.

Пресс жасауға бола ма?



Отамен босанған әйелдер үшін алғашқы бірнеше айда пресс жасауға мүлдем болмайды. Кесарь тілігінен кейін жатыр мен қарындағы бұлшықеттер бір-біріне бірігуі қажет. Ал пресс жасау арқылы олар ажырап кетуі мүмкін. Сондықтан кез келген спортпен шұғылданбас бұрын денсаулығыңызға мән беріңіз. Егер жаттығу сіздің бойыңызда азғантай болсын қолайсыздық туындатса, онда бірден тоқтатыңыз. Қай уақыттан бастап пресс жасауға болатынын тек дәрігермен ақылдасу арқылы біле аласыз.

Йога
Классикалық йогамен тек 6 айдан соң ғана шұғылдануға болады. Онда да, жаттығуларды тек дәрігердің рұқсатымен ғана орындайсыз. Дегенмен артық қимылды талап етпейтін, тыныс алу жаттығуларын жасауға еш кедергі жоқ. Мұндай жаттығулардың көмегімен жатыр тез қалпына келеді. Сонымен қатар, тыныс алу жаттығуларын жасау арқылы салмақ та азаяды. Ас қорытуды дұрыстап, буындарыңызға икемділік, бұлшықеттеріңізге серпінділік сыйлайсыз. Егер фитнес залына жазылсаңыз, йога жаттықтырушылары сіздің денсаулығыңызға зиянын тигізбейтін жаттығуларды таңдап береді.


Емдік гимнастика
Егер емдік гимнастикамен шұғылдануды қалсаңыз, онда 2 ай күтуге тура келеді. Жай жүріс, қолыңызды ары-бері сермеу сынды қимылдарды күнделікті жасай аласыз. Ал керіліп-созылу, денеңізбен бұрылу сынды жаттығуларды тек бандаж киіп жасау қажет. Негізінде, кесарь тілігінен кейін тек емдік мақсаттағы спорт түрімен ғана айналысу шарт. Аяғыңызбен оқыс соққы жасаудан аулақ болыңыз. Бұл жамбасқа зиян тигізуі мүмкін.


Күш жұмсайтын жаттығулар

Сіз аяғыңыз ауыр кезіңізде күш жұмсайтын жаттығумен шұғылданған болуңыз мүмкін. Бірақ отамен босанған болсаңыз, бұл жаттығуларды қайта орындауға асықпаңыз. Алдымен қарапайым жаттығулардан бастаңыз. Кейін жаттығудың уақытын біртіндеп ұзартып отырыңыз. Денеңіздің жоғары бөлігіне барынша ауырлық салмауға тырысыңыз. Есіңізде болсын, балаңыз емізулі болса, күш салатын жаттығуларды орындау емшек сүтіне кері әсерін тигізіп, оның дәмін қышқыл етуі мүмкін. Сондықтан емізулі болсаңыз, етеккір циклінің қалыпқа түсуін күткеніңіз дұрыс.


Пилатес


Пилатесте де, йогада да ең алдымен дұрыс тыныс алуға мән беріледі. Сондықтан алдымен тыныс алу жаттығуларынан бастап, іш бұлшықеттерін айтарлықтай күшейтіп алыңыз. Бастапқы уақытта демді ішке тартқан және сыртқа шығарған уақытта ота тігісін қолыңызбен басып ұстаңыз.

Дәрігерлер пилатеспен шұғылдануға тек 3-4 айдан кейін рұқсат береді.


Баламен жаттығу жасау

Мамандар баламен жаттығу жасау үшін де 1,5 ай күту керектігін ескертеді. Қайта қалыпқа келу үшін баланы аяғыңызда тербеткеннің өзі пайдалы. Тіпті баланы қолыңызбен көтеріп, бөлменің ішін ары-беру журудің өзі толыққанды жаттығу орындағанмен тең. Ал отырып-тұру сынды қимылдарды біршама уақыттан соң қосыңыз. Әрине ағзаңызға ауырлықтың түспеген байқасаңыз.

Баламен сыртқа шығып, күнделікті серуендеу - сізге де, балаға да пайдалы болары сөзсіз. Бұл сіздің аяғыңздың төзімділігін арттырып, денеңізді тіктеп әрі қан айналымын жақсартады. Жаяу жүрудің қашықтығын жаймен ұзарта отырып, арасында орындыққа отырып, тынығып алуға да болады.


Шеңбер

Кесарь тілігімен босанған әйелдер көбінесе арқа аурынан шығымданып жатады. Сондықтан алдымен арқаның ауруын басатын жаттығуларға көңіл бөлген жөн. Бірақ алдымен бойды қыздырып алған дұрыс. 3-4 айдан соң фитболға отырып, жаттығу жасауға болады. Тіпті шеңберді де айналдыра аласыз. Бірақ салмағы жеңіл әрі жұмсақ түрін таңдаңыз.


Бассейн

Отадан соң 7 аптадан соң ванна қабылдауға рұқсат. Бірақ бассейнге түсуді кейінге қалдыруға кеңес береміз. Себебі бассейндегі судың құрамында хлор болуы мүмкін, ол денсаулыққы зиянды. Ең алдымен иммунитетті көтеріп алыңыз. Аквааэробикамен айналсуға 3-4 айдан кейін рұқсат беріледі. Жаттығудың пайдасы көп: буынға түсетін күшті жеңілдетеді, бұлшықеттерді нығайтады. Суда брасс немесе кроль әдісімен жүзген дұрыс.


Жүгіру

Алдымен жүруді баяу қарқынмен бастаңыз. Арадан біраз уақыт өткен соң велосипетке ауысыңыз. Егер жүйелі түрде жүріп отырсаңыз, көп өтпей-ақ жүгіруге өтесіз. Кесарь тілігенен соң жүгіру - салмақты тез тастаудың әдісі. Ол үшін күнделікті жүгіріп тұру қажет. Іш киімді таңдауда оның матасына мән берген жөн. Баласын емізетін әйелдер көкірегін зақымдап алмағаны абзал. Жүгіруді 4 айдан соң бастаңыз, жылдамдықты біртіндеп арттырып, 6 айдан соң тұрақты түрде орындаңыз.


(Сурет ашық дереккөздерден алынды)

Дайындаған: Н.НАЛТАЙ,

ERNUR.KZ



Тағы да оқыңыз:


Фитнес жасқа қарамайды: 60-тан асқан МІНСІЗ МҮСІНДІ қариялар


БӨКСЕ әдемі болуы үшін АЯҒЫҢЫЗДЫ жоғары көтеріңіз