Пластикалық отасыз-ақ 10 жылға ЖАСАРУҒА болады

0
4 470

Жүзіңізді әжім торламасын десеңіз фейс-фитнеспен шұғылданыңыз.


Пластикалық отасыз-ақ 10 жылға ЖАСАРУҒА болады

Жылдар деген – киімге түскен қара күйе секілді, жасыңды жеп, жанарыңды солдырып, жаныңды білдірмей тоздыра бастайды. Жасың ұлғайған сайын «туған күн» кеші де бұрынғыдай көңілді өтпейді. Ол күн жастық шағыңның өтіп, кәріліктің мазалай бастағанын еске түсіретіндей. Шашыңды ақ қырау шалмаса да, баяғы сылулық, баяғы жанардың оты өшіп бара жатқанын көріп қынжыласың. Бейтаныс жанмен сөйлесе қалсаң жасыңды айтуға қымсынып, ол әңгімеден барынша айналып өтуге тырысасың. Бұл - жасы ұлғайған әйелдерге тән белгі.

Бірақ, біз жасырғанмен, түріміз сырымызды жайып қоятыны бар. Жылдардың жүзіне салған «жолдарынан» құтылу үшін қалтасы қалың бикештер пластикалық отаға жүгінеді. Ал кейбір нәзік жандылар "пышаққа түспей-ақ" қатарластарынан әлдеқайда жас көрінеді. Олар мұндай күйге қалай қол жеткізді екен? Өмірге деген өзгеше көрқарас па? Әлде бағалы косметиканың құдіреті ме? Жоқ!

Айласын асырған аруларымыз 10 жасқа дейін жас көрінудің құпиясын біледі. Ол – фейс-фитнес. Бетке жасалатын жаттығудың жілігін шағып, майын ішкен мамандардан оның қалай жасалатыны жайлы білейік.



Ботокс әлде фейс-фитнес?

Фейс-фитнес, фейс-джим, фейсерсайз, фейсбилдинг – бетке арналған гимнастиканың сәнге айналған атауы. Біз денеміздің бұлшықеттерін жаттықтырып отыру керектігін жақсы білеміз. Осы арқылы сұлулығымыз бен сымбатымызды сақтай алатынымызға сенеміз. Ал беттегі бұлшықеттерді кім жаттықтырады? Бет қимылдары ма?

Иә, түрлі қимылдар бет бұлшықеттеріне әсер етеді. Бірақ, бұлшықеттерді шымыр еткенімен, терінің әжімдеріне қарсы тұра алмайды. ХХ ғасырдың басында неміс пластикалық хирургы Рейнхолд Бенц бетке арналған кешенді жаттығу ойлап тапты. Рейнхолд осы жаттығуларды жасу арқылы пластикалық отасыз бет бұлшықеттерін шымыр етуге, жас көрінуге болатынын дәлелдеді.

Уақыт өткен сайын бұл жаттығулар жетілдіріліп, фейс-фитнестің нәтижелі болатыны байқала бастады. Қазіргі күні мамандар фейс-фитнестің нәтижесі ботокс уколдарының нәтижесімен бірдей дегенді айтуда. Бірақ, фейс-фитнес те, инъекция да панация емес. Олар дендеп кеткен әжімдерді толықтай жазады әрі қайта әжім түсірмейді деу құр қиял. Дегенмен, тұрақты түрде жатығу жасау арқылы енді ғана түскен қыртыс-қатпарлардан арылуға болатыны күмән келтірмейді.



Бетке күнделікті жаттығу жасау арқылы мыналардың алдын алуға болады:

  • мимикалық әжімдердің тереңдей түсуін;
  • маңдайдағы қыртыстардың пайда болуын;
  • екінші иекті;
  • қас пен қабақтың салбыруын;
  • беттегі қабынуларды;
  • беттің бөртуін.

Арнайы кешенді жаттығулар бет бұлшықеттерін белсенді жұмыс жасауына әсер етіп, бет пішінін орнында сақтап тұруға ықпал етеді. Жаттығулардың көмегімен бет терісі икемді, шымыр және тартыла түседі. Жасушалардағы зат алмасуды жақсартып, қан мен лимфа айналымын арттырып, эластен мен коллаген бөлінуін күшейтеді. Осының бәрі орындалған жағдайда келбетіңізде жастықтың белгілері білінеді.



Фейс-фитнеспен қанша жастан бастап айналысуға болады?

Тері қартаюының 4 кезеңі болады. Жаттықтырушылардың пікірінше фейс-фитнеспен бірінші, екінші, тіпті үшінші кезеңнің алдын алуға болды. Ал жақсы нәтижеге жету үшін онымен әжім түспестен бұрын айналыса бастаған дұрыс. Фейс-фитнеспен шұғылданушылардың арасынан 20 жастан енді асқан бойжеткендер де, 70-тен асқан аналарымыз да кездеседі. Ештен кеш жақсы деп жүрген арулардың бәрінің ойы келісті келбетіне деген күтім. Жастық шақтарын барынша ұстап тұруға деген талпысын. Не десек те, өз беттеріне бей-жай қарамайтын, онымен жұмыс жасайтын осындай қыз-келіншектер расында да құрдастарынан жас көрінеді.

Фейс-фитнес тек әжімдермен ғана күресіп қоймайды, ол мимикалық әдеттердің өзгеруіне де әсер етеді. Кейбір аруларымыздың бойында бет-аузын тыжырайту, көзді сығырайту, тісті қайрау сынды жаман әдетер бар. Осындай қылықтар да жаттығу арқылы жоғалады дейді мамандар. Ең бастысы күнделікті 10-15 минут уақытыңызды жаттығуға арнасаңыз болғаны.


Фейс-фитнестің ең негізгі жаттығулары


Маңдайдағы әжімдер

Сұқ саусақ пен ортаңғы саусақты теріне жазып тұратындай етіп маңдайыңызға қойыңыз. Сол қойған күйде маңдайыңызды жиырыңыз. Бұл жаттығуды қайталаған сайын бұлшықеттер қатайып, көлденең қыртыстардың түсуіне кедергі келтіреді. Маңдай терісінің қатпарлары біртіндеп жазыла бастайды. Жаттығудағы қимылды 15 секунтан 20 рет жасау керек. Күніне бір рет.



Көз айналасындағы әжімдер

Бұл жаттығуды орындау үшін ортаңғы саусақ пен аты жоқ саусақтың арасын ашы, көздің сыртқы қиығына қоямыз. Сасуақтарымыз сезілетіндеі етіп терінің үстін қысамыз. Бірақ көзіміз ауырлықты сезбесін. Кейін саусақтарыңызбен көзімізді сығырайтамыз. Жаттығу көз айналасындағы енді түсіп келе жатқан ұсақ тыртыстарды жазады. Мұны да 20 реттен 15 секунд бойы күніне 1 мәрте жасау керек.



Екінші иек

Селфи жасағанды ұнататындарға таныс тәсілді қолданамыз. Ерінді «үйрек етіп» жиырып, екі ұрттың барынша алға қарай тартылғанына мән береміз. Кейін ерінді сөзып, тістеріңізді көрсетіп күліңіз. Әрбір қимыл рет-ретімен 20 реттен, күніне 1 мәрте жасалынады.




Лифтинг әсері

Фейс-фитнес тілінде бұл жаттығуды «шаш жұлу» деп атайды. Аталған жаттығуды орындау үшін шаштың түбінен бастап саусаққа орау керек. Кейін ширатылған шашты жоғарыға қарай, жан-жаққа қарай тартасыз. Осылай барлық шаш түгел тартылады. Ең дұрысы бұл жаттығуды душта жасау. Бас бұлшықеттері мен терісі босаңсиды. Жаттығуды күнінен бір минуттан жасағанда жақсы әсер береді.




Томпақ әрі тартымды ерін

«Қалпақша» деп аталатын жаттығу еріннің қанмен қамтамассыз етуін жақсартып әрі оған томпақтық сыйлайды. Ол үшін ерніңізді кішкене қалпақша пішініне келтіріп алыңыз. Тістер жабылып қалған болуы шарт. Бар күшіңізді салып, ерінді жұмып және ашу керек. 30-60 секунд сайын сайын, күніне 1 рет жасап отырасыз.

Дайындаған: Н.Налтай,

ERNUR.KZ

фото:strana-sovetov.com