Жаттығу кезінде су ішуге бола ма?

0
4 970

Құрамында бояғыш заттары бар, газдалған сусындарды мүлде ішуге болмайды!


Жаттығу кезінде су ішуге бола ма?

Жаттығу залында адам ағзасы едәуір күш жұмсайды. Жиі тыныстау, терлеу арқылы ағзадағы су мөлшері де азаяды. Кейбір жаттықтырушылар жаттығу жұмыстары аяқталғанша су ішпеуге кеңес береді. Су тұтынған жағдайда сіз жұмсаған күштің бәрі далаға кетті деп есептейді.


Дегенмен, мұны миф деуге болады. Себебі, әр адамның ағзасы әртүрлі. Олардың тершеңдігі де, тәулігіне қаншалықты су ішетіні де бірдей емес.


Мысалы, бір адамдар күнінен 3-4 л суды ойланбай іше алатын болса, кей адамдар 1,5 л судың өзін тауыса алмайды. Оның үстіне фитнес залындағы жаттығулар кезінде адам денесінің қызуы жоғарылай түседі. Дене қызуы терлеу, жаттығу барысындағы жиі тыныстау арқылы басылады. Судың микробөлшектері алдымен қаннан, бұлшықет тінінен, содан кейін ғана майлы қабаттан шығады. Сондықтан, жаттығу кезінде су ішу зиян деген тұжырым қате болып саналады.

Керісінше, бұл фитнеспен айналысатын адамның денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Қоюланған қан артериялар арқылы нашар қозғалады. Ондайда жаттығу жүректің жиі соғуына ықпал етеді. Су жеткіліксіз болса, ауырсынулар, мигрен және тез шаршағыштық сияқты қолайсыздықтар болуы ықтимал. Күйзелістің жиі орын алуы (әсіресе егде жастағы денеде) суды аз мөлшерде тұтынудан болып жатады.


Сонымен, су ішу керек пе, әлде?..

Әрине, ішу керек! Тек ағзаның қажет еткен мөлшеріне қарай ішкен дұрыс. Шөлдедім екен деп жаттығу үстінде суға тойып алудың да мәнісі жоқ. Ол да ағзаға кері әсерін береді. Ішетін суыңыздың салқын болмағанын қадағалаңыз. Өйткені, салқын су ағза ысыған кезде ішекке барып суық тию, тұмау ауруларын тудыруы әбден мүмкін. Сондықтан, бөлме температурасындағы суды ішуді әдетке айналдырған абзал.

Құрамында бояғыш заттары бар, газдалған сусындар жайлы ұмыта тұрыңыз. Олар фитнес үшін арналмаған. Энергетикалық сусындардың да жаттығу кезінде пайдасы жоқ. Айран, сыра, квас сынды түрлі сусындар да қажет емес. Тек – су! Лимон қосылған су мен шайды мүлдем ішуге болмайды. Бұл әсіресе, әйел затының ескеруге тиісті басты қағидаларының бірі болуы тиіс. Себебі, фитнес залында ағзада тазалану процесі жүреді. Фитнеспен шұғылданатын әйел адамдарда сүт қышқылдарындағы қажетсіз токсиндер мен микроэлементтерден тазару болады. Сондықтан тек су ғана артық заттардан тазартуға қауқарлы. Дегенмен, аздаған мөлшерде суға бал қосуға болады. Оның құрамында глюкоза, фруктоза, сахароза, фолий қышқылы, В, А, Е, К, С дәрумендері, мальтоза, мелицитоза сынды құнарлы табиғи заттар бар. Қатты күшті талап ететін жаттығулар кезінде бал қосылған судың пайдасы зор.


Қанша су ішу керек?

Әлбетте, денені жаттықтырып отыру біршама еңбекті талап етеді. Әр жаттығуды өз нұсқауымен жасау керек болса, суды да өз орнымен ішу керек. Мысалы, жаттығу алдындағы 1-2 сағат бұрын ішкен 50-80 мл суыңыз сіздің қозғалыс барысында шөлдемеуіңізге ықпал етеді. Ал, шынығу кезінде шөл қысса, 15-20 минут ішінде бір-екі рет су ұрттаудың зияны жоқ. Тек лықылдатып ішпесеңіз болды. Жаттығуды аяқтағаннан кейін суды 20 минуттан соң ішу керек. Демімізді алып, ағзамыздың жұмсаған су мөлшерінің орнын толтыру үшін осы уақыт ыңғайлы болып табылады.

Су – адам өмірінің бір бөлшегі. Біздің ағзамыз сумен қоректеніп, қуат алады. Бет-әлпетіміздің, дене мүсініміздің келісті болуы да суды дұрыс тұтына білуімізбен байланысты.

Дайындаған: Н.НАЛТАЙ

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


Іштегі МАЙДЫ кетіруге 5 МИНУТ жеткілікті


Тобығыңыз ІСІП КЕТСЕ, бір мезгіл ЖАЛАҢАЯҚ жүріңіз