​Жүкті әйелдерге қандай жаттығулар жасауға болады?

0
5 301

Ал қай спорт түріне тыйым салынады?


​Жүкті әйелдерге қандай жаттығулар жасауға болады?

фото: ашық дереккөздерден алынды

Аяғы ауыр әйел физикалық жаттығулар жасауға бола ма? Бұл сұрақ белсенді қимыл-қозғалыстағы қыз-келіншектердің көкейіндегі сұрақ. Сондай-ақ ғалымдар мен дәрігерлердің арасында біраз уақыт талас тудырған сауал.

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының, ғалымдардың зерттеуі мен сынақтарының нәтижесінде медицина мамандары жүкті кезде спортпен шұғылданып, күнде дене жаттығуларын орындауға болады деген тоқтамға келген.



Өйткені

Біріншіден, жүктілік – ауру белгісі емес. Екіншіден, спорт жаттығулары барлық адам ағзасы үшін өте қажет. Үшіншіден, физикалық жаттығулар жүктілік кезіндегі шамадан тыс семіру мен гестационды қант диабетінің қауіптілігін азайтады.



Бірақ...

Алайда әр адамның денсаулық күйі, жүктілік кезіндегі жағдайы әр түрлі болғандықтан, міндетті түрде дәрігерімен кеңескен дұрыс. Сонымен бірге жүктіліктің қай семестрінде жаттығулардың қай түрі рұқсат етілетінін, қанша уақыт орындауға болатынын білу маңызды.



Спорттың жүкті әйелге пайдасы

  • Қанайналым мен тыныс алу жақсарады;
  • Шарананы оттегімен толық қамтиды;
  • Денесінде, аяғында ісіну болмайды;
  • Денедегі артық су дер кезінде сыртқа шығып тұрудың нәтижесінде бүйрекке салмақ түспейді;
  • Бұлшықеттері шынығады, ал бұл құрсақтағы баланы көтеріп жүруде ағзаға үлкен көмек;
  • Жүктілік кезінде өзгеріске ұшырайтын жамбас буындарын берік етеді;
  • Болашақ ананың қабылдаған дәрумендерінің шаранаға белсенді баруын қамтамасыз етеді;
  • Токсикоз сияқты жағдайларды жеңілдетеді;
  • Арқаның, белдің ауруын болдырмайды;
  • Артық салмақ қостырмайды;
  • Іш қатудың алдын алады;
  • Психологиялық күйді жақсартады;
  • Босанудың жеңіл өтуіне сеп болады.

Осы секілді пайдасы көп-ақ. Олай болса, қимыл-қозғалыстан қорықпаңыз, бас тартпаңыз.



Болмайды!

Дегенмен мынадай жаттығуларды тоғыз ай орындамай-ақ қойғаныңыз дұрыс. Олар:

  • Жүктіліктің алғашқы үш айындағы, яғни бірінші семестріндегі кез келген спорт. Бұл уақытта түсік тастау қаупі жоғары болады. Өйткені шарана әлі жатырға толық бекімеген, ол ұйыған қан түріндегі бір тамшы ғана. Бұл кезеңде ағзаға түскен кез келген күш оған қауіпті.
  • Жаңа спорт түрі. Мысалы, сіз бұған дейін күнде жүгірмеген болсаңыз, онда бүл спорт түріне босанып алған соң кірісіңіз. Сол сияқты жүзумен айналыспасаңыз, бұны да тоқтата тұрыңыз. Өйткені жаңа спорт түрінің ережелерін білмегендіктен, ағзаңыз үшін таңсық жаттығулардан бір жеріңізді жарақаттап алуыңыз мүмкін.
  • Қарынға, яғни құрсақ бұлшықетіне ауырлық түсіретін жаттығулар. Олар ішке пресс, мостик т.б.
  • Күш жаттығулары. Олар: бокс, 5 кг-дан көп салмақтағы гантельдермен жаттығулар т.б.
  • Доп, тағы да сол секілді заттар араласатын спорт пен жаттығулар. Бұл заттардың абайсызда құрсағыңызға қатты тиіп кету қаупі бар. Мысалы: футбол, баскетбол және теннис.
  • Шаңғы, коньки тебу, секіру т.б. Нақтырақ айтқанда, аяқ-қол сыну, сіңір созылу, құлау қаупі бар спорт түрлері. Егер жаттығу кезінде қолыңыз, я аяғыңыз шықса, сынса, ауруды басатын дәрі салуға тура келеді. Ал ондай дәрмектер жүктілік кезінде зиянды.



Болады!

Сонда қандай жаттығулар рұқсат етіледі деп отырған боларсыз?! Жүкті әйелдерге ешқандай қаупі жоқ жаттығулар мен спорт түрі мыналар:


1. Қол мен мойынға арналған жаттығулар

ERNUR.KZ сайтының фитнес айдарындағы мақалаларды ақтарып шығыңыз. Мұнда қолға арналған және мойынға жасалатын жаттығулар көп жарияланған. Өзіңізге ұнағанын орындай беріңіз.

Немесе қарапайым жаттығуларды-ақ орындаңыз: қолды оңға-солға айналдыру, жоғары көтеру, төмен түсіру. Екі қолды артқа керу, кеудені ашу. Басты шеңбер бойымен айналдыру, оңға-солға бұру т.б.



2. Жаяу жүру

Бұны жаяу жүріп серуендеу деген дұрыс болар. Өйткені кейбір әйелдер дүкеннен азық-түлік әкелу, дәріханаға, емханаға бару, қоқыс төгуге шығуды – жаяу жүру деп санайды. Жаяу жүргеніңізбен бұл кезде сіз ойыңызды, бойыңызды босаңсытып, кеудені толтырып ауа жұтып, оның ләззатын сезіне алмайсыз. Сондықтан бұның ағзаға пайдасы керемет деп айту қате. Жүкті әйел жаяу жүргенде бүкіл тұрмыстық және жеке мәселелерін ойдан сәл әрірек ысыра тұрғаны жөн.

Асықпай тыныс алып, табиғаттың құбылыстарын сезініп, жақсы ойда жарты сағат жаяу жүріңіз. Өзіңізге ұнайтын көңілді әуен тыңдап серуендесеңіз де болады. Жалпы, жүкті әйелдерге күніне бір сағат жаяу жүру ұсынылады. Бірақ аяғы ауыр келіншектің күндіз жарты сағат және түнде ұйықтар алдында 30 минут серуендегені абзалырақ.

Жаяу жүру ұрықтың гипоксиясы (құрсақтағы шаранаға оттегінің жетіспеушілігі) сияқты диангозды алыстатады.



3. Жүзу

Жүкті әйелдердің суда жүзген видеоларын, суреттерін әлеуметтік желілерден көріп жүрген шығарсыз?! Бұл жүкті әйел үшін қауіпсіз әрі өте пайдалы спорт түрі.

Судың жүзгенде адам салмақсыз болады. Сондықтан да денеге күш түспейді. Буындар, омыртқа еркін созылады. Жүктілік кезінде жүректің, өкпенің жұмысына ауырлық түсетіні белгілі. Ал суда жүзу жүрек қызметі мен тыныс алуды жеңілдетеді. Сонымен қатар дененің ісігін қайтарады, терінің жыртылмай созылуына ықпал етеді.



4. Йога

Йога жаттығулары, қалыптары көп. Бәрі де баяу орындалады. Бірақ сонда да есте ұстаңыз: қарынмен, арқамен жатып орындалатын қалыптардан аулақ болыңыз.

Ал мына қалыптар рұқсат етіледі: Уттхита Триконасана, Уттхита Паршваконасана, Вирабхадрасана, Джану Ширшасана, Трианг Мукха Эка Пада пашчимоттанасана, Маричисана, Баддха Конасана, Ардха Падмасана, супта Баддха Конасана, Матсьясана.



5. Тыныс алу жаттығулары

Тыныс алу жаттығуларының да түрі көп. Өзіңізге ыңғайлысын орындай берсеңіз болады.



Есте ұстаңыз: Мынандай жағдайларда мүлде ағзаға күш түсіруге, физикалық жаттығулар жасауға болмайды.

  • Жүктілік кезінде жатырдан қан кету белгілері болса,
  • Плацент өте төмен орналасса;
  • Гестоз;
  • Гемоглобиннің төмен көрсеткіші (70-тен төмен);
  • Кеш жүктілік;
  • Қан қысымы жоғарылап кете берсе;
  • Жатыр, қынап мойны бұлшықеттері әлсіз деген диагноз қойылса.


ЕГЕР...

Гимнастика жасау барысында әлсіздік, бас айналу, іштің төменгі жағының ауыруы, бөлінділер байқалса, жаттығуды тоқтатыңыз, дәрігерге барыңыз!

Дайындаған: Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Тренермен жаттығудың 3 ПАЙДАСЫ

Бас ауруын дәрісіз-ақ қойдыруға болады