"8 қылмыстық іс қозғалған": Қазақстан-Қытай шекарасындағы тексерудің алғашқы нәтижесі шықты

0
552

Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады.


Мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ. Ақорда сайтына сілтеме жасап.

Кездесуде Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Президент тапсырмаларының орындалуына қатысты атқарып жатқан жұмыстары туралы есеп берді. Ведомство капиталды заңсыз шығаруға жол бермеу мақсатында қаржы реттеушілерімен бірлесіп, күмәнді трансшекаралық аударымдарға күшейтілген мониторинг жасау ісін жолға қойған.

Сонымен қатар, Қазақстан-Қытай шекарасында тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үш аптаның ішінде тауарды заңсыз әкелу фактілері бойынша 8 қылмыстық және 24 әкімшілік іс қозғалды. Нәтижесінде, тауар импорты көлемінің азаюына қарамастан, биылғы қаңтар айында бюджетке түскен кедендік төлемдер мен салықтардың мөлшері 20 пайызға (26,6-дан 31,7 миллиард теңгеге дейін) өсті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысына қоғамдағы маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жұмыстар туралы мәлімет берілді. Атап айтқанда, "Тариф" жобасы бойынша коммуналдық қызметтердің 17 миллиард теңгеге өсуіне әкеп соқтыруы мүмкін 1,3 миллион азаматтың негізсіз шығынына жол берілмеді. 13 іс қозғалды (сумен жабдықтау - 8, газбен жабдықтау - 3, жылумен жабдықтау - 2).