Ақтөбеде көпірдің астынан студенттің денесі табылды

0
982

Бұл студент Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде оқиды.


Ақтөбеде көпірдің астынан студенттің денесі табылды

ERNUR.KZ. Ақтөбе қаласында жоғары оқу орнының студенті өз-өзіне қол салды деген күдікпен қылмыстық іс қозғалды. Оның денесі көпір астынан табылды, деп жазады ҚазАқпарат.

Ақтөбе қаласында 2004 жылы туған жігітке іздеу жарияланып, еріктілер хабарлама таратты. Студент 13-қыркүйек күні сағат 17:00 шамасында үйінен шығып кетіп, оралмаған. Кейін студенттің денесі табылды.

«14-қыркүйек күні сағат 19:30-да Заречный ауылының қасындағы көпірдің астынан, «Юрта» мейрамханасының жанынан 19 жастағы жігіттің мәйіті табылды. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шықты. Қылмыстық кодекстің «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Себептері анықталып жатыр. Сараптама тағайындалды»,- деп хабарлады облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Бұл студент Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде оқиды.

«Жұбанов университеті дүниеден озған студенттің ата-анасына және жақындарына қайғырып көңіл айтады. Студенттің аты-жөні оның отбасына деген құрмет пен жеке деректерін сақтап қалу үшін жарияланбады. Ол жарқын жүзді, болашағынан үміт күттіретін студенттердің бірі еді. Сабақ үлгерімі жақсы, белсенді студенттердің қатарында болды. Бұл – бәріміз үшін де орны толмас қайғылы жағдай. Қалалық полиция департаментінде аталған жағдай бойынша тергеу іс-шаралары жүріп жатыр. Университет тарапынан білім алушының отбасына барынша қолдау көрсетіледі»,- деп хабарлады университеттің баспасөз қызметі.