Ақтөбелік құтқарушылар науқасты ауруханаға жеткізу үшін ақтүтек боранда 18 шақырым жаяу жүрген

0
373

Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданындағы бөлімше қызметкерлеріне жұртшылық ризашылықтарын білдіріп жатыр.


Ақтөбелік құтқарушылар науқасты ауруханаға жеткізу үшін ақтүтек боранда 18 шақырым жаяу жүрген

Қарауыл бастығы Ақдәулет Әли бастаған 6 жігіт Қандыағаш қаласынан 18 шақырым қашықтықта орналасқан Басшилі елді мекеніне "Трэкол" көлігімен барған. Бұл ауылға ат құлағы көрінбейтін ақтүтек боранда өзге көліктер жете алмайтын еді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

"Қандыағаш қаласындағы біздің бөлімге Еңбек ауылдық округі, Басшилі елді мекенінде 73 жастағы әйел адамның ауыр халде жатқаны туралы хабарлама түсті. Оны аудандық ауруханаға жеткізу керек болды. "Трэколмен" шықтық. Ауа райының қолайсыздығынан көлік алдына екі адамнан кезектесіп шығып, жүгіріп отыруға тура келді. Өйткені, қарға адым жерді көру мүмкін емес еді. Мұндай жағдайлар болып тұрады. Ерлік жасадық деп айта алмаймын. Бұл біздің міндетіміз", - дейді, Ақдәулет.

Құтқарушылар бір бағыттың өзіне 3 сағаттан астам жүрген. Олар кезектесіп, бір жарым шақырым сайын ауысып отырған. Осылайша, науқасты аман-есен Қандыағаш қаласындағы ауруханаға жеткізді. Бейбіт күннің батырлары қызметтерін жалғастырып жатыр.