Ауылдың бір жігіті "дінімізге қайшы" деген желеумен зиратты талқандап тастапты.
фото: видеодан скрин
Алматы облысында зираттарды қиратқан адам ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оқиға Көлсай түбіндегі Саты ауылында болған. Бұл туралы журналист Диас Нұрақын жазды.
"Осы ауылдың бір жігіті "дінімізге қайшы" деген желеумен зиратты талқандап тастапты. Өлген адамдардың құлыптастарын қиратып, жан-жаққа лақтырып кеткен. Жақындарының қабірі қорланғанын көрген аядай ғана ауыл тұрғындары ашулы", - деп жазды ол.
Кадрлардан әр жерде шашылып жатқан тастар көрінеді.
Алматы облысы Полиция департаменті бұл жағдайға пікір білдірді. Вандализм дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелген.
"Күдікті ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік желілерде тараған, күдіктінің салафизмнің діни ағымына қатысы бары туралы ақпарат алдын ала тексеріс барысында расталмады. Тергеу аяқталғанға дейін мерзімінен бұрын қорытынды жасаудан және тексерілмеген мәліметтерді таратудан бас тартуды сұраймыз", - деп жазылған хабарламада.