Алматыдағы көп қабатты үйлердің бірінің подъезі жарқанаттардың мекеніне айналған

0
462

Күндіз бастарын төмен қаратып ұйықтап жататын қолқанаттылар, қараңғы түссе болды ұшып-қонып тұрғындарды әбігерге салады.


Алматыдағы көп қабатты үйлердің бірінің подъезі жарқанаттардың мекеніне айналған

ERNUR.KZ. Алматыдағы көп қабатты үйлердің бірінің подъезі жарқанаттардың мекеніне айналды, деп жазады 24.kz.

Күндіз бастарын төмен қаратып ұйықтап жататын қолқанаттылар, қараңғы түссе болды ұшып-қонып тұрғындарды әбігерге салады. Бұл подъезде олар бірінші жыл қыстап тұрған жоқ екен.

Жарқанаттар бұл үйде бірнеше жыл бұрын пайда болған. Бір қызығы, тек қыстап шығады. Есік жақтаулары мен электр сымдарына жабысып тұратын олар түнде ұйқыдан оянады. Жұмыстан қайтқан тұрғындар: Бет-аузымызды қалқалап пәтерге кіреміз,-дейді. ,

"Кеш батса болды, жатпайды. Ұшып жүреді. Олардың дыбысы қабырғаның сыртынан естіледі. Әйтеуір біздің үйден шықпайтын болды", - дейді қала тұрғыны Эдуард Попов.

"Бірінен кейін бірі. Біреуін алып тастасам, екіншісі келеді. Қалай табатынын білмеймін. Қай жерден кіреді. Кіріп кетеді де осы жерде тұрады. Бұрын ана жерде жоғары тұратын енді қазір мына жерге түсті. Содан қимылдамайды", - дейді қала тұрғыны Болат Төлеубаев.

Экологтардың пікірінше, қарқынды құрылыс жұмыстары жарқанаттарды үйреншікті мекенінен айырып отыр. Адамдардың арасына келуі де сондықтан. Қыста көп жағдайда биік ғимараттардың шатырын паналайды. Үйірімен өмір сүреді. Олардың арасынан аз зерттелген азиялық кеңқұлақ жарқанатты да кездестіруге болады. Ол Қызыл кітапқа енген. Сол себепті оларға тисуге болмайды. Зиян келтірсеңіз әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартыласыз.

"Егер тұрғындарға мұндай көршілер ұнамаса, олар келесі жылы тағы кіріп кетпесін десеңіз- күн жылынған кезден бастап қамдану қажет. Ал күн суықта оларға мүлдем тиіспеу керек. Барлығы үсіп кетеді. Қазір сол жерде қыстап шыққаны дұрыс", - дейді зоология институтының зертхана меңгерушісі Константин Плахов.

Зоологтардың айтуынша, жарқанаттардың есте сақтау қабілеті жаман емес. Жылы, құрғақ, әрі алакөбең болып тұратын подъезге қайта оралуының сыры да осында екен. Бірақ тұрғындар үйдің күтімі нашар дейді. Жарқанаттар адамға ешқандай қауіп төндірмейді. Олардың қандай бір жұқпалы инфекциямен ауыру ықтималдылығы өте сирек, дейді ғылымдар. Сондықтан тұрғындардың күн жылынғанша күте тұрудан басқа амалы жоқ.