«Астана» телеарнасына жаңа бас директор тағайындалды

0
834

Жаңа басшы - бұрын «NUR Media» холдингі бас директорының орынбасары қызметін атқарған.


«Астана» телеарнасына жаңа бас директор тағайындалды

ERNUR.KZ. Бүгін «Nur Otan» партиясының хатшысы Әлібек Әлденей АSTANA телеарнасының ұжымына жаңа бас директорды таныстырды, деп жазады ҚазАқпарат.

Жаңа басшы - бұрын «NUR Media» холдингі бас директорының орынбасары қызметін атқарған Әзизхан Әбілдинов.

Әлібек Әлденей телеарнаның бұрынғы басшысы Құрманбек Жұмағалидың атқарған жұмысын атап өтті.

Телеарна Қ. Жұмағалидің басшылығымен 2020-2021 жылдары еліміздің жетекші телеарналарының ТОП-4-іне енді.

Биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша телеарнаның орташа үлесі жалпы телебағдарламаның 10%-ын құрайды.

Телеарнаның материалдық-техникалық базасы жаңартылды. «Nur Otan» партиясының қолдауымен 2020-2021 жылдары Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай бірқатар табысты медиажобаларды іске асырды.

Бұл - «Тәуелсіздіктің 7 қыры» фильмдер топтамасы, «Быть первым», «Без права на ошибку», «Өмір-дастан» роликтері, «Из первых уст» интерактивті бағдарламасы, «Қазақстан» музыкалық клипі.

Тележобаларда Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақстанның қалыптасуындағы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи рөлін ашуға ерекше назар аударылған.

Әлібек Әлденей Астана телеарнасының жаңа басшысы Әзизхан Әбілдиновті таныстыра отырып, оның 2017 жылдан бастап «Nur Media» холдингінде БАҚ мәселелерімен айналысқанын атап өтті.

Сонымен қатар, ҚР Президенті Әкімшілігінде, орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда жұмыс істегенін айтты.

Оның тікелей қатысуымен Nur Media холдингінде бірқатар интернет жобалар құрылды.

Nur Otan партиясының хатшысы қазіргі таңда АSTANA телеарнасына маңызды міндеттер қойылып отырғанын айтты.

Телеарнаның жоғары рейтінгін, қаржылық көрсеткіштерін және табыстылығын сақтап қалу қажет. «Nur Otan» партиясының және мемлекеттік саясаттың басымды бағыттарын тиімді насихаттауды қамтамасыз ету.

Телеарнаның жаңалықтары өзекті және халықтың шынайы проблемаларын көрсетуі керек.

Мұның бәрі жаңа басшының менеджементтік тиімділігінің көрсеткіші болмақ.