Астанада үлкен студенттер үйі салынады

0
677

Қазіргі кезде қалада 32 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы жұмыс істейді.


Астанада үлкен студенттер үйі салынады

ERNUR.KZ. Астанада колледж студеттеріне арналған үлкен жатақхана салынады. Онда мың адам тұра алады, деп жазады sputnik.kz.

Қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыевтің айтуынша, қазіргі кезде қалада 32 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы жұмыс істейді. Онда 36 287 студент оқиды, соның 20 мыңнан астамы – грант иегерлері.
"2025 жылға қарай елордадағы жастардың 100 пайызы тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз етіледі. Резидент емес студенттерді жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ету мақсатында 1000 орындық "Студенттер үйі" салынады", - деді Сенғазыев бүгінгі брифингте.
Бүгінде сұранысқа ие кадрларды даярлау үшін мамандарға қажеттіліктің өңірлік картасы – жаңа кәсіптер атласы әзірленді. Онда алдағы 3-5 жылда қалаға қажетті мамандықтар тізімі көрсетілген.
"2023 жылы елордалық үш колледжде алғаш рет 10-11 сынып оқушыларына арналған мамандықтар бойынша эксперименттік білім беру бағдарламалары енгізілді. Пилоттық жобаға сәйкес, 1,5 жылдан кейін орта білім туралы аттестатпен бірге оқушылар тігінші, аспаз, автогазбен дәнекерлеуші мамандықтары бойынша диплом алады", - деп атап көрсетті басқарма басшысы.
Айта кетері, 2023 жылдың қорытындысы бойынша қаладағы колледждерді 7,5 мың студент бітірді. Ал жұмысқа тұрған 6,4 мың түлектің ішінде 3,5 мың адам оқыған мамандығы бойынша қызмет атқарып жүр.