Батыс Қазақстанда автобустар 4 күнде 592 ереже бұзған

0
875

«Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы қазан айының 17-сіне дейін созылады.


Батыс Қазақстанда автобустар 4 күнде 592 ереже бұзған

ERNUR.KZ. Қазақстанда 10-17 қазан аралығында республикалық «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Полиция Батыс Қазақстан облысы аумағында жолаушы мен жүк тасымалын жүзеге асыратын жүргізушілер арасында көліктік тәртіп төмен екендігін айтып, дабыл қағуда, деп жазады egemen.kz.

«Автобус» жедел алдын алу іс-шарасының алғашқы төрт күні ішінде облыс бойынша қоғамдық көлік жүргізушілері 592 мәрте жол ережесін бұзғаны анықталды. Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Болатбек Белгібеков осылай мәлімдеді.

Жоғарыдағы мәліметті таратып айтсақ, көлік жүргізушілеріне жол үстінде телефон қолданғаны үшін 130 әкімшілік материал толтырылған. 6 жүргізуші тасымал кезінде еңбек және демалыс режимін бұзған. 153 әкімшілік материал маневр ережесін бұзғаны үшін қатталды. 38 жүргізуші техникалық бақылаудан өтпеген көлік құралдарын басқарғаны үшін жауапқа тартылса, 10 автобустың заңсыз қайта жабдықталғаны анықталды. Қоғамдық көлікті басқаратын 40 жүргізуші жылдамдықты арттырғаны үшін айыпты болды. Ал 1 жүргізуші жол ережесін өрескел бұзып, қарсы бағыттағы жолаққа шығып кеткен. Сондай-ақ 44 жүргізуші тиісті құжатсыз көлiк құралдарын басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Автожолдарда автобустар және таксилердің жолаушы тасымалдау кезінде талаптарды сақтау бойынша бақылау күшейтілді. Полиция қызметкерлері заңсыз қайта жабдықталған автобустарды, сондай-ақ техникалық жағдайы мен құрылысы жол қозғалысы қауіпсіздігінің белгіленген талаптарына сәйкес келмейтін автобустар мен таксилерді пайдалануға тыйым салу шараларын қолдануда. Іс-шара барысында алдын ала және кезең-кезеңмен, оның ішінде рейс алдында жүргізушіні медициналық тексеру, олардың еңбек және демалыс режимін сақтауына ерекше мән беріледі», - делінген полиция таратқан мәлімдемеде.

«Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы қазан айының 17-сіне дейін созылады.