Отандық өндіруші кәсіпорындарды қолдау мақсатында реттелетін сатып алулар тетігі іске асырылып жатыр.
ERNUR.KZ. Бұл шара жергілікті өндірісті дамытуға, кәсіпорындардың тұрақты тапсырыстармен қамтамасыз етілуіне және отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Кәсіпорындарды қолдау және қолда бар қуаттарды жүктеу мақсатында жеңіл өнеркәсіптің 1 162 тауары ұлттық режимнен алып тасталады. Бұл жайында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхамед Андаков ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.
Оның айтуынша, реттелетін сатып алулар аясында отандық тауар өндірушілерге басымдық беріледі, яғни жергілікті өндіріс үлесі жоғары өнімдерге тапсырыстар ұлғаяды. Сондай-ақ ұзақ мерзімді келісімшарттар жасалады – кәсіпорындардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін кепілдендірілген сұраныс қалыптастырылады. Және де импортты алмастыруға бағытталған шаралар қабылданады, нәтижесінде ішкі нарықта отандық өнімдерді пайдалану үлесі артады.
«Бұл қадамдар жеңіл өнеркәсіп саласының кәсіпорындарына қолдау көрсетіп, олардың өндірістік қуатын кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіруге арналған тауарлардың жекелеген түрлеріне кедендік баждарды төлеуден босату қарастырылған. Сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының неғұрлым арзан және ыңғайлы өндірістік алаңдарға, жалпы инфрақұрылымдық қызметтерге, жеңілдетілген әкімшілік рәсімдерге, жеңілдетілген салық салу мен қаржыландыруға қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін министрлік жеңіл өнеркәсіп тауарларын қызметтің басым түрлерінің тізбесі 9 арнайы экономикалық аймақта енгізді», – деді спикер.
Саладағы барлық жұмысты ұйымдастыру үшін мемлекеттік қолдау шараларының болуы маңызды. Осы орайда сатып алу/сату кезінде отандық тауарларға басымдық беру көзделген. Мемлекеттік органдар мемлекеттік қолдауды кеңейтуге, бәсекеге қабілетті өнімді арттыруға, сондай-ақ экономиканың түрлі саласына инвестиция тартуға бағытталған отандық кәсіпорындарды қолдау бойынша белсенді жұмысты жалғастырады. Аталған шаралар дайын өнім көлемінің өсуіне, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіптің дамуына ықпал етеді.