Сурет: Zakon.kz.
ERNUR.KZ. Қазақстанда сұйытылған газ бен болат дайындамаларын сыртқа шығаруға қойылған тыйым ұзартылды. Ақпарат үкіметте өткен сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысынан кейін белгілі болды, деп жазады Zakon.kz.
Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, бұған дейін сұйытылған мұнай газын шекаралас елдерге әкетудің алдын алу және ішкі нарықта тапшылықты болдырмау мақсатында экспортқа тыйым салынған болатын.
Сонымен қатар, болат дайындамалары мен жартылай фабрикаттарын сыртқа шығаруға қойылған тыйым тағы алты айға ұзартылды. Сауда министрлігі мұның оң нәтижесі ретінде металлургия өнеркәсібінде терең өңдеуге бет бұруды және арматура экспортының 30 мың тоннаға жуық өскенін атап өтті.
Бұдан бөлек, ЕАЭО-ға кірмейтін елдерден Қазақстанға гипсокартон мен тас өнімдерін әкелуге үш айға тыйым салу ұсынысы қолдау тапты.
"2024 жылы Қазақстанда 95,2 мың тонна брусчатка өндірілді, ал ішкі сұраныс 58,76 мың тоннаны құрады. Гипсокартон өндірісі 35,5 млн шаршы метр болды, ал ел ішіндегі сұраныс 38,8 млн шаршы метрді құрады. Қазақстандық кәсіпорындардың өндірістік қуаты – 46 млн шаршы метр. Отандық гипсокартон және тас бұйымдарын өндірушілер осы өнімдердің бағасын сақтауға міндеттеме алды", - деп түсіндірді министрлік.
Сонымен бірге, Қытайдан әкелінетін ыстықтай деформацияланған тігіссіз құбырларға және Қытай мен Украинадан жеткізілетін мырышталған прокатқа қатысты демпингке қарсы шаралар ұзартылатын болды.
Қазақстаннан фанера экспортын автоматты лицензиялау енгізілетіні де мақұлданды. Бұл ішкі фанера өнімдерінің экспорт ағындарын талдауға мүмкіндік береді.