Қостанай облысында төселген асфальт төрт айдың ішінде үгітіліп қалған

0
784

Жүргізушілер бір сағаттық жолды үш-төрт сағатта әрең жүреміз дейді.


Қостанай облысында төселген асфальт төрт айдың ішінде үгітіліп қалған

Фото: sputnik.kz

ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда облыстарындағы жолдардың сапасы сын көтермейді, деп хабарлайды Хабар24.

Республикалық маңыздысы бір бөлек, жергілікті жолдар да тозып кеткен. Кей өңірлерде тіпті жарты ғасыр бойы асфальт төселмеген жерлер бар.

«Қостанай облысындағы Әулиекөл – Жалдама бағытындағы жол діттеген жеріңе жеткенше діңкеңді құртады. Жүз шақырымдай асфқальттың тас-талқаны шыққан», - дейді жүргізушілер.

Бұл аралықта көліктер жиі қатынайды. Әсіресе, Амангелді және Жангелдин ауданы тұрғындары үшін облыс орталығына қатынайтын жалғыз жол. Былтыр төселген асфальт төрт айдың ішінде үгітіліп қалған. Жүргізушілер бір сағаттық жолды үш-төрт сағатта әрең еңсереді.
Жергілікті жол басқармасы биыл бұл тас жолды толық қалпына келтіреміз деп отыр. Оған бюджеттен тағы қаржы бөлінеді. Жалпы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында облыстың жолдарын жөндеуге 9,2 млрд теңге қарастырылған. Тиісті қаржыға ұзындығы 186 шақырым асфальт төселуі тиіс.
Қызылорда – Жалағаш бағытындағы автомобиль жолы да жарты ғасыр бойы күрделі жөндеу көрмеген. Әр жылдары белгілі бір бөліктері асфальтталып келді. Жол бойында 15 көпір және 18 су өткізгіш құбыр бар. Алайда көбі тозып тұр. Тәулігіне 4 мың көлік арлы-берлі өтеді. Содан жол-көлік оқиғалары жиі тіркеледі.

«Ойдым-ойдым жолдар. Содан қашамыз деп жол апаты да болып жатады. Көлік тоқтап қалып жатады. Жол нашар. Ені де тар. Жоғары жақтан өтінеріміз, осы жолды істеп берсе екен дейміз. Қаншама тасымал жасалады көктемнің кезінде. Дәу машиналар, жеңіл машиналар өтеді, қаншама халық бар. Таксистер бар. Мыңдаған көлік өтеді», - дейді Жалағаш ауданының тұрғыны Жанболат Шарапаев.

Ал Батыс Қазақстан облысы – жол сапасы жағынан елде ең соңғы орында. Аймақта жергілікті маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 5 мың шақырымнан асады. Алайда соның 66%-ы сын көтермейді. Әсіресе, оңтүстік-батыс аудандарда жағдай нашар. Былтыр өңірде 192 шақырым жол жөнделген. Республика бойынша бұл да төменгі көрсеткіш.

«Жол өте нашар. Машинаның дөңгелегін қоймайды. Кілең шұрық-тесік. Шұңқырдан қашамыз деп қарама-қарсы көліктерге соғылып жатады біреулер. Өзімде де болды алдында бір апта бұрын», - дейді жүргізуші Мерейхан Жакеев.

«Барбастау – Жайық – Индер» бағыты бойынша «Бурлин – Ақсай – Жымпиты» және «Чапаев – Жаңақала – Сайқын» автомобиль жолдары бойынша жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады. Жалпы 2021-2025 жылдарға бағдарлама жасақталып жатыр. Сол 5 жылдың ішінде 1800-ден астам автомобиль жолы жөнделіп, 169 елдімекенге кіреберіс жолдар жасауды жоспарлап отырмыз», - деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бауыржан Айтмағанбетов.

Осылайша, Президент сынға алған шаруа ешбір ақтап алуға тұрмайтын болып шықты. Сыр берген асфальт, тозығы жеткен жол, құрылыстың баяу жүруі сынды түйткілдер Мемлекет басшысының қатаң шешім қабылдауына түрткі болған. Енді жүргізушілер бұл істің қайта қарқын алуын күтеді. Әйтпесе, көлік түгіл, адам аяғын алып жүруге қиын жолдар ауыл-аймақты айтпағанда, қала ішінде де көбейіп барады.