Жалпы су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша іс-шаралар жалғасуда және тұрақты бақылауда.
ERNUR.KZ. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі ел өңірлерін 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне белсенді дайындық жұмыстарын жалғастыруда. Кешенді іс-шаралар шеңберінде халықты және инфрақұрылымды көктемде өзендердің арнасынан асуына байланысты қауіптерден қорғауға бағытталған су тасқынына қарсы көптеген іс-шаралар жүзеге асырылуда, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Су тасқынының ықтимал салдарын болдырмау мақсатында жергілікті атқарушы органдар төтенше жағдайлар департаменттерімен бірлесіп қорғаныс бөгеттері мен біліктерін тұрғызу және нығайту, су бұру арналары мен арықтарды құру, сондай-ақ жаңа нөсер жүйелері мен су өткізу құрылыстарын салу жөніндегі жұмыстарды жүргізеді. Осы шаралардың барлығы су тасқынынан қорғау үшін сенімді инфрақұрылым құруға бағытталған.
Бұдан басқа ТЖМ қызметкерлері 2025 жылғы су тасқынына қарсы іс-шараларды іске асыру бойынша барлық өңірлердің дайындығына тексеру жүргізуде.
Қарағанды облысында су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары аяқталды. Барлығы 180 инженерлік іс-шара жүзеге асырылды. 65 км қорғаныс бөгеттері мен біліктері тұрғызылып, нығайтылды, өзендер арналарының 18-ден астам км су тасқыны қауіпті учаскелеріне санация жүргізілді, 26 км дренаждық және су бұру жүйелері тазартылды. Автожолдардың 75 учаскесінде су өткізу қабілеті артты. Қазіргі уақытта облыста материалдық-техникалық және қаржы қаражаты, ЖЖМ, азық-түлік, инертті материалдар және қапшықтар резерві қалыптастырылуда. Елді мекендерден қар тазалау жұмыстары жандандырылды. Су өткізгіш құбырларын тазарту, каналдар мен траншеяларды кесу, сондай-ақ автоматты тасқын су төгінділерін тазарту жұмыстары ақпан айында басталады.
Ақтөбе облысының халқы мен аумағын су тасқынынан қорғауға бағытталған іс-шараларды іске асыруды ТЖМ төтенше жағдайларды жою департаменті бастығының орынбасары Асылан Уакишев бағалады. Жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен Ырғыз, Ойыл және Қобда аудандары қаралды. 2025 жылғы су тасқынына дайындық мақсатында инженерлік жұмыстар жоспарын орындауға ерекше назар аударылды. Жоспарда су тасқынына қарсы 104 іс-шара іске асырылды, 31 іс-шара іске асыру сатысында.
Шығыс Қазақстан облысы ТЖД және «Қазселденқорғау» қызметкерлері «Қазавиақұтқару» АҚ «Ми-8» тікұшағында су тасқыны қауіпті және көшкін учаскелеріне мониторинг жүргізді. Мамандар Глубокое ауданындағы өзендерінде мұз кептелістері мен сеңнің жүруін тексерді. Аудан аумағын толығымен қар басқан. Аэровизуалды мониторинг су тасқыны жағдайының болжамын барынша тиімді жасауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта зерттелген маршрутта мұз кептелістері мен сеңнің жүруі байқалмайды. Глубокое ауданында таулы аймақтағы қар жамылғысының биіктігі 60 см. Мұнда 26 көшкін қаупі бар ошақ бар. Жақында қауіпсіздік мақсатында «Өскемен – Горная - Үлбі-Северное» автожолының учаскесінде көшкіндердің профилактикалық түсуі уақтылы жүргізілді, нәтижесінде 2090 текше метр қар түсті.
Солтүстік Қазақстан облысының халқы мен аумағын су тасқынынан қорғауға бағытталған іс-шаралардың іске асырылуын ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Қанат Доспаев қарады. Жергілікті атқарушы органдардың, «Қазсушар» және «Қазгидромет» РММ өкілдерімен бірлесіп облыстың Қызылжар, Шал ақын, Ғ.Мүсірепов, Есіл аудандары мен Петропавл қаласын аралап шықты. 2024-2025 жылдарға арналған инженерлік жұмыстар жоспарын іске асыруға баса назар аударылды, оның шеңберінде су тасқынына қарсы 90 іс-шара орындалды, 19 іс-шара бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Батыс Қазақстан облысында қорғаныс құрылыстарының жай-күйіне мониторинг жүргізілді. Жайық өзені суының тасу қаупі зерттелді. Су тасқыны қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Теректі, Ақжайық, сондай-ақ Бәйтерек аудандарында Жайық өзенінің бойында орналасқан қорғаныс бөгеттерінің жай-күйіне тексеру жүргізілді. Жұмыстар 2024 жылғы инженерлік жұмыстар жоспары шеңберінде орындалды. Зерттеу қорғаныс құрылыстарының жай-күйін тұрақты бақылаудың және оларды тиісті жағдайда ұстаудың маңыздылығын атап өтті.
Жалпы су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша іс-шаралар жалғасуда және тұрақты бақылауда.