Милтон дауылы: Қазақстандық студент жағдайдың қалай болып жатқанын айтып берді

0
106

Ол сол жақта тұрып жатқан қазақтар бір-біріне көмек көрсетіп жатқанын айтады.


Милтон дауылы: Қазақстандық студент жағдайдың қалай болып жатқанын айтып берді

ERNUR.KZ. АҚШ-та Милтон дауылынан 13 адам қаза тапты, деп жазады baq.kz.

Жарақат алғандар саны әлдеқайда көп болуы мүмкін дейді жергілікті билік өкілдері. Тампа қаласы маңында желдің екпіні сағатына 160 шақырымға жеткен. Бірнеше ауданды су басып, өңір инфрақұрылымына орасан зор зиянын тигізді. Үш миллиондай тұтынушы жарықсыз отыр. Дауыл кезінде мектептерді паналаған тұрғындар қазір үйлеріне қайта бастады.

Флорида штатының Майамиде Florida International University оқу орнының 3-курс студенті Нұрдос Мейрамбек қазір жағдай қалай екенін айтып берді.

Милтон деген дауыл соңғы 2-3 күн бойы болып жатыр. Тампа қаласында үдеп тұр. Мен Майами қаласында тұрамын. Тампада эвакуация жұмыстары бір апта бұрын жүргізілді. Әр тұрғынның телефондарына SMS жіберіп, ақпараттандырды. Қала сақшылары тұрғындарды қаладан кетулерін сұрады, - деді ол.

Ол сол жақта тұрып жатқан қазақтар бір-біріне көмек көрсетіп жатқанын айтады.

Осында тұратын қазақ студенттері бір-бірімізге қамқор болып жүміз. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. Дауыл соқпай тұрып, бізге қоңырау шалды.Майамиде тыныш, бірақ маған да 6-7 рет хабарласты. Менің білуімше, Флорида штатында 5 мыңдай қазақ бар. Тампадағы қазақ студенттері Майамиге келіп жатыр. Басқа штаттағы студенттер өзге штатқа барып жатыр, - деді студент.

Оның айтуынша, АҚШ-та тұратын отандастарымыздың арнайы чаты бар екен.

Өзіміздің қазақтарда ортақ чат бар. Бірақ онда барлық Флоридада тұрып жатқан қазақтар бар деп айта алмаймын. Майамиде тұрып жатқандардың да чатымыз бар. Барлығымыз жазып, ескертіп, көмек көрсетуге дайын екенімізді айтып жатырмыз. Тампа қаласынан досым келді. Тампа мен Майамидің арасы кем дегенде 5 сағат. Оған көмектесіп жатырмын. Қазақстар өте ұйымшылмыз. Бір-бірімізді іздеп, сөйлесіп тұрамыз, - деді Нұрдос Мейрамбек.

Сарапшылардың айтуынша, Милтон дауылы 3-4 күн болады. Майамиде күн ашық, дауыл жоқ. Тампада жарық жоқ, байланыс жоқ. Ол жақтағы жағдай белгісіз.

Орландо қаласында да дауыл болды. Бірақ аса қатты болмады. Ол қалада достарымыз тұрады. Үй қирап, су шайып кетпеді. Басында көбі осыншама дүлей болатынына сенбеген секілді. Өйткені бұл жақта қаншама дауыл болып тұрады. Салдарынан адам шығыны болып отыр, - деді студент.