"Мойнынан қан фонтан болып атқылады": Атырау облысында ер адам бұрынғы әйелін жұмыс орнында өлтіріп кетті деген күдікке ілінді

0
232

Марқұм әйел емханада заңгер болып жұмыс істеген.


Фото: Әлеуметтік желіден

ERNUR.KZ. Атырау облысы Құлсары қаласына қарасты Жылыой ауданында ауыр қылмыс жасалды. Ер адам бұрынғы әйеліне пышақпен шабуыл жасап, оны емхананың ішінде өлтіріп кетті, деп жазады stan.kz.

Мәліметтерге сенсек, марқұм әйел емханада заңгер болып жұмыс істеген. Күдікті – Шоқпартоғай ауылының тұрғыны болып шықты. Ер адам қылмыс жасағаннан кейін қашып кетпек болған. Алайда Жылыой аудандық полиция қызметкерлері оны ізін суытпай ұстады. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары қылмыстың себебін және барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Atyrau ONLINE мәліметінше, қайғылы оқиға 27 наурыз күні түстен кейін болған. Әйел жұмыс кабинетінде жалғыз отырған кезде кенеттен оның бұрынғы күйеуі кіріп, оған пышақпен шабуыл жасаған.

"Ол көмек сұрап, айқайлаған. Бір қызметкер оны қанға батып жатқан күйінде көрген. Әйелдің мойнынан қан фонтан болып атқылап жатқан", – деп хабарлады емхана қызметкерлерінің бірі редакцияға.

Оқиға орнына жедел жәрдем мен полиция қызметкерлері дереу жеткен, алайда әйел ауыр жарақаттан көз жұмған. Марқұм Жаңа Қаратон ауылынан шыққан. Артында екі баласы қалды.

"Бұл қайғылы оқиғадан кейін емхана уақытша жабылды. Ұжым есеңгіреп қалды. Қызметкерлер көз жасын тыя алмай, жұмысқа оралудан қорқып отыр", – деді емхананың тағы бір қызметкері.

Атырау облыстық полиция департаменті Құлсары қаласында болған оқиға бойынша “Кісі өлтіру” бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жан-жақты тергеу басталды. 33 жастағы күдікті ізін суытпай ұсталып, қамауға алынды. Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жарияланбайды.