Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Арыс тұрғыдарымен кездесіп, жөнделуі тиіс үйлерді қарап шықты.
ERNUR.KZ. Павлодар облысының мамандары Арыстағы бүлінген 450 үйді қалпына келтіруге көмектеседі, деп жазады baq.kz.
Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Арыс тұрғыдарымен кездесіп, бірінші кезекте жөнделуі тиіс үйлерді қарап шықты. Аталған аймақ құрылысшылары 450 үйді қалпына келтіреді.
«Бүгін мен елді дүр сілкіндірген ТЖ орын алған Арыс қаласына ұшып келдім. Біз арыстықтар ұшыраған бақытсыздыққа бей-жай қарай алмаймыз. Мен алдағы жұмыстардың көлемін айқындап, қандай үйлерді бірінші кезекте жөндеуді анықтау үшін қала тұрғындарымен кездестім. Павлодар облысы Елбасының және Президенттің тапсырмасы бойынша Арыс қаласында барлығы 450 үйді қалпына келтіреді. Біздің мамандар Арысқа бірнеше күн бұрын келіп, жөндеу жұмыстарына кірісіп кетті. Біз жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізіп, қысқа мерзімде аяқтауға тырысамыз», - деп жазды Болат Бақауов өзінің Instagram парағында.
Еске салсақ, 24 маусым күні таңертең Шымкент қаласынан 97 км жердегі Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында өрт шықты. Өрттің соңы жарылысқа ұласты. Түркістан облысының әкімі төтенше жағдай жариялап, қаладан 45 мың адам эвакуацияланды.