СІМ Грузиядағы қазақстандық қыздың өлімі туралы жаңа деректер жариялады

0
859

Грузияда 26 жастағы қазақстандық Әсел Айтбаева жұмбақ жағдайда қайтыс болғаны хабарланған еді.


СІМ Грузиядағы қазақстандық қыздың өлімі туралы жаңа деректер жариялады

иллюстрациялық фото

ERNUR.KZ. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Тбилисидегі 26 жастағы Әсел Айтбаеваның өліміне қатысты жаңа деректер айтты, деп жазады Tengrinews.kz.

"Грузияның құқық қорғау органдарының біздің елшілікке берген ақпараты бойынша, 2021 жылы 5 мамырда Тбилиси қаласындағы үйлердің біріндегі терезе маңынан Қазақстан азаматшасының мәйіті табылды", - деп хабарлады СІМ өкілдері.

Алдын ала мәліметтер бойынша, қыз 9-қабаттан құлап, қаза тапқан. Грузия полициясы өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу күдігі бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталды. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етілмейді.

"Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің консулы марқұмның отбасымен тұрақты байланыста. Бұл іс елшіліктің ерекше бақылауына алынды. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматшасының мәйітін Отанына жеткізуді ұйымдастыруға барынша көмек көрсетеді", - деді СІМ өкілдері.

Бұған дейін Грузияда 26 жастағы қазақстандық Әсел Айтбаева жұмбақ жағдайда қайтыс болғаны хабарланған еді.

Марқұмның әпкесінің сөзінше, Әсел қайтыс боларының алдында құрбысына аудиохабарлама жіберіп үлгерген. Аудиода белгісіз ер адам оған қоқан-лоқы көрсетіп жатқаны естіледі.