​Тараздық бойжеткен өз еркімен тұрмысқа шығып, беташар алдында қашып кеткен (видео)

0
3 446

Шаңыраққа өз аяғымен келген қызға жігіттің жақындары сол күні қолхат та жаздырып алған екен.


​Тараздық бойжеткен өз еркімен тұрмысқа шығып, беташар алдында қашып кеткен (видео)

ERNUR.KZ. Жамбыл облысы Айша бибі ауылына өз еркімен келін болып түскен 22 жастағы ару беташары өтпестен қайта кетіп қалған. Тұрмысқа шығуға келісім беріп, қолхат жазған бойжеткен тіпті болашақ күйеуіне киімдер алғызған екен. Ал таңдаған сұлуы тайып тұрған соң күйеу жігіт қатты күйзеліске түскен, деп жазады NUR.KZ.

1985 жылғы Кенен мен 1996 жылғы Жайсан Астана қаласында танысқан. Таныстықтың соңы бір-бірін ұнатуға ұласып, олар шаңырақ көтеруге шешім қабылдайды.

22 жастағы бойжеткенді өз келісімімен алып қашып, шашумен күтіп алған ауыл тұрғындары оны екі жағынан жетектеп, үйге кіргізген.


"Өзі Тараздың қызы. Оны Астанадан алдыру үшін жігіт 60 мың теңгеге тальго пойызына билет сатып алып берген. Қыз өз келісімімен келіп, ертесіне сағат 13:00-де беташар жасаймыз деп келістік. Бүкіл туыс-туған, көрші-қолаңға хабар тараттық. Қуғыншы жіберіп, қалың малын беруге дайындалып та отырған болатынбыз.

Бірақ түнгі 03:00-тен өте қыздың анасы ішіп келіп, шу шығарды. Солай қызын алып кетті. Қазір келіншегі кеткен ініміз күйзеліске түсті. Ол қызға тіпті біраз киім де алып берген болатын. Естуімізше, әлгі қыз осылай күйеуге шығуды бизнеске айналдырған екен. Оның сіңлісі де Таразда бірнеше жігітке тұрмысқа шыққанын білдік", - деген Айгүл өздерінің ел-жұрттың алдында масқара болғанын айтты.

"Әне-міне беташар өткіземіз, көктемде той жасаймыз деп отырғанымызда, ел-жұртқа қарайтын бетіміз қалмады. Ініміз екі бастан ешкімнің көзіне көрінбейді. Іш киіміне дейін алдырып алып, тайып тұрған келініміздің телефоны өшірулі. Қазір не істерімізді білмей, шарасыз күйге түстік. Келіннің қолынан шай ішеміз деп мәз болып отырғанда, осындай ұятты жағдайға тап болдық", - деп ағынан жарылды Айгүл.

Айта кететіні, шаңыраққа өз аяғымен келген қызға жігіттің жақындары сол күні қолхат та жаздырып алған екен.

"Мен Жайсан Бақытқызы Астана қаласынан Тараз қаласы, Айша бибі ауылына Кенен деген жігітке өз еркіммен келіп отырмын. Ешкім мені мәжбүрлеген жоқ", - деген бойжеткеннің қолхатын редакцияға жігіттің туыстары жіберді.

Осылайша ешкімнің мәжбүрлемегінін мәлім етіп, ақ жаулық таққан ару бір шаңырақты жерге қаратып, өз үйіне тайып тұрған.

Айта кетейік, NUR.KZ редакциясы бойжеткенге хабарласып, хат жазғанымен ол жауап қайтармады.